ҚПЛ: «Қайрат» турнир кестесінде көш басына шықты

АСТАНА. KAZINFORM — Футболдан Қазақстан Премьер-лигасы VIІІ турының алғашқы ойын күні мәресіне жетті.

Фото: «Қайрат» футбол клубы

Бұл күнге үш ойын белгіленген еді. Екі кездесуде алаң иелері қарсыласына жол берсе, біреуінде тең нәтиже тіркелді.

Турнир кестесінде көш басында келе жатқан алматылық «Қайрат» сырт алаңда Павлодардың «Ертіс» клубымен шеберлік байқасты. Кездесу барысында алматылық командадан Ойва Юккола 25-минутта мергендік танытып, өз командасына жеңіс сыйлады. 
Осылайша «Қайрат» қарсыласынан 1:0 есебімен басым түсіп, турнир кестесінде 18 ұпаймен жеке-дара көш бастады.

Тағы бір кездесуде «Қайсар» (Қызылорда) — «Жетісу» (Талдықорған) 1:1 есебіне қанағат білдірді. Ойын барысында алдымен талдықорғандық клубтан Нұрбол Әнуарбеков 42-минутта гол соқса, оған қызылордалық командадан Алияр Мұхамед 45-минутта бір голмен жауап қайырды.

Сондай-ақ алғашқы ойын күнінде көкшетаулық «Оқжетпес» сырт алаңда Петропавлдың «Қызылжарын» 1:0 есебімен жеңді.

Енді екінші ойын күнінде бес кездесу белгіленген.
Премьер-Лига, VIІІ тур ойындары:

3 мамыр

15:00. «Ұлытау» (Жезқазған) — «Елімай» (Семей)
19:00. «Каспий» (Ақтау) — «Астана»
17:00. «Атырау» — «Алтай» (Өскемен)
18:00. «Жеңіс» (Астана) — «Тобыл» (Қостанай)
20:00. «Ордабасы» (Шымкент) — «Ақтөбе».

Дәл қазір турнир кестесінде 18 ұпаймен алматылық «Қайрат» командасы көш бастап келеді.