ҚПЛ: «Қайсар» сегіз ойыннан кейін жеңіске жетті

АСТАНА. KAZINFORM - Футболдан Қазақстан Премьер-лигасында ХХVІ турында қызылордалық «Қайсар» өз алаңында «Атыраудан» басым түсті.

Фото: «Атырау» футбол клубы

Биыл қызылордалық клуб өте сәтсіз ойын көрсетіп келеді. Англия Премьер-лигасында ойнаған Виктор Мозес секілді тәжірибелі ойыншыларды қатарға қосқан олар бұл ойынға дейін турнир кестесінде соңғы орында қалып қойған еді.

Кездесу барысында екі команда шабуылға иек артты. Десе де бірінші кезеңде таблодағы есепке өзгеріс енген жоқ.

Екінші кезеңде 83-минутта «Қайсар» сапынан Никола Цуцкич көздеген нысанадан мүлт кеткен жоқ

Осылайша қызылордалық клуб қарсыласынан 1:0 есебімен басым түсіп, турнир кестесінде 23 ұпаймен он екінші орынға көтерілді.

Сондай-ақ олар сегіз ойын бойы жеңіске жете алмай келген еді. Сол сәтсіздік сериясын тоқтатты.

Ойындар нәтижесі

12 қыркүйек

«Каспий» (Ақтау) - «Ақтөбе» 1:2

«Елімай» (Семей) - «Жетісу» (Талдықорған) 2:1

«Ордабасы» (Шымкент) - «Астана» 1:0

«Жеңіс» (Астана) - «Қызылжар» (Петропавл) 3:1

«Қайсар» (Қызылорда) - «Атырау» 1:0

Енді 13 қыркүйекте тағы үш ойын өткізіледі. Бұл күні алматылық «Қайрат» өз алаңында Қостанайдың «Тобылын» қабылдайды.

Ойындар кестесі

13 қыркүйек

«Ертіс» (Павлодар) - «Оқжетпес» (Көкшетау)

«Ұлытау» (Жезқазған) - «Алтай» (Өскемен)

«Қайрат» (Алматы) - «Тобыл» (Қостанай).

Бұл турдың алғашқы ойын күнінен кейін «Ордабасы» 58 ұпаймен көш басында тұрса, одан кейінгі орындардағы «Қайраттың» 57, «Астананың» 45 ұпайы бар.