ҚПЛ: «Қайсар» «Тобылды» жеңіп, алғашқы жеңісін тойлады

АСТАНА. KAZINFORM - Қазақстан Премьер-лигасы оныншы туры мәресіне жетті.

Фото: Kffleague.kz

Екінші ойын күні, 17 мамырдағы кезекті кездесудің бірінде «Қайсар» (Қызылорда) - «Тобыл» (Қостанай) командалары шеберлік байқасты.

Матчтың алғашқы минутында қызылордалық клубтың белсенділігі байқалды. Нәтижесінде олардың қатарынан Айбол Әбікен 2-минутта есеп ашса, 9-минутта өзінің екінші голының авторы атанды.

Ойынның 30-минутында оған «Тобыл» сапынан Жаслан Жұмашев бір голмен жауап берді.

Осылайша «Қайсар» қарсыласынан 2:1 есебімен басым түсіп, биылғы біріншіліктегі алғашқы жеңісін тойлады.

Сондай-ақ бұл турды «Ордабасы» (Шымкент) - «Жетісу» (Талдықорған) командалары түйіндеді.

Ойын барысында талдықорғандық клубтан Дінмұхамед Кашкен 37-минутта есеп ашса, 72-минутта шымкенттік командадан Сергей Малый өз мүмкіндігін мүлт жіберген жоқ.

Ойынның 98-минутында «Жетісу» қақпасына белгіленген пенальтиді «Ордабасы» сапынан Муроджон Халматов шебер орындай білді.

Бұл ойында шымкенттік клуб қарсыласынан 2:1 есебімен басым түсіп, 22 ұпаймен екінші орнын сақтап қалды.

Бүгін сырт алаңда өскемендік «Алтай» Петропавлдың «Қызылжарын», алматылық «Қайрат» елордалық «Жеңісті» 2:1 есебімен тізе бүктірсе, «Ақтөбе» мен «Атырау» 1:1 есебіне қанағат білдірді.

Еске салсақ, бірінші ойын күнінде жезқазғандық «Ұлытау» Ақтаудың «Каспийін», көкшетаулық «Оқжетпес» «Астананы» 1:0 есебімен жеңсе, «Ертіс» (Павлодар) - «Елімай» (Семей) 2:2 есебімен тең түсті.

Енді ХІ тур ойындары 22 және 23 мамыр күндері өткізіледі. Бұл турда 22 мамырда «Алтай» мен «Оқжетпес», «Каспий» мен «Ертіс». «Астана» мен «Ұлытау» кездеседі.

Ал 23 мамырда «Елімай» мен «Жеңіс», «Ақтөбе» мен «Қызылжар», «Жетісу» мен «Атырау», «Қайрат» пен «Қайсар», «Тобыл» мен «Ордабасы» жасыл алаңға шығады.