ҚПЛ: «Тобыл» өз алаңында «Қайсардан» басым түсті

АСТАНА. KAZINFORM — Футболдан Қазақстан Премьер-лигасы ХХІ турындағы кейінге қалдырылған «Тобыл» (Қостанай) мен «Қайсар» (Қызылорда) кездесуінің нәтижесі белгілі болды.

Фото: «Тобыл» ФК

Бұл кездесу қос команданың көп гол соғуымен ерекшеленді. Ойынның 3-минутында қостанайлық клубтан Максим Мякиш есеп ашса, 13-минутта қызылордалық командадан Алияр Мұхамед таразы басын теңестірді.

Ал 26-минутта «Тобыл» сапынан Александр Марочкин қайтадан өз командасын алға шығарса, 48-минутта Алияр Мұхамед өзінің екінші голын соқты.
Ойынның 70-минутында қостанайлық клубтан Урош Милованович пенальтиден мүлт кеткен жоқ.

Бұл кездесу қостанайлық клубтың Конференция лигасы үшінші іріктеу кезеңіндегі Сербияның «Партизан» клубымен қарымта кездесуіне байланысты кейінге шегерілді. Олар аталған қарсыласына екі кездесудің нәтижесімен (0:3, 1:2) есе жіберген еді.
ХХІ турдағы өзге ойындарда «Ақтөбе» мен «Атырау», «Каспий» (Ақтау) мен «Ұлытау» (Жезқазған) 1:1 есебіне қанағат білдірсе, елордалық «Астана» Көкшетаудың «Оқжетпесінен» 2.1, Семейдің «Елімайы» Павлодардың «Ертісінен» 3:1, Шымкенттің «Ордабасы» клубы талдықорғандық «Жетісудан» 4:0 есебімен басым түсті.

Еске салсақ, бұдан бұрын Дастан Сәтпаев «Бернли» сапындағы алғашқы ойынын өткізді.