ҚПЛ: «Жетісу» өз алаңында «Ақтөбеден» басым түсті

АСТАНА. KAZINFORM - Бүгін Қазақстан Премьер-лигасында ХV турында «Ақтөбе» сырт алаңда талдықорғандық «Жетісуға» есе жіберді.

Фото: «Жетісу» футбол клубы

Талдықорғандық команда екі айдан бері жеңіске жете алмай келеді. Биыл доп додасын сәтсіз бастаған ақтөбелік футболшылар бес тур бойы жеңіліссіз серияны жалғастырды. Олар екі мәрте қарсыластарын қапы қалдырса, үш мәрте тең нәтижеге қанағат білдірді. Нәтижесінде 22 ұпаймен турнир кестесінде бесінші орынға көтерілді.

Ойын барысында командалар алғашқы минуттан белсенділікті арттырды. Десек те бірінші кезеңнің соңына дейін гол соғылған жоқ.

Кездесу тағдырын шешкен жалғыз голды 45-минутта талдықорғандық клубтан Асхат Балтабеков өз еншісіне жазды.

Осылайша «Жетісу» қарсыласынан 1:0 есебімен басым түсіп, турнир кестесінде жетінші орынға көтерілді.

Айта кетсек, бұдан бұрын алматылық «Қайрат» сырт алаңда Көкшетаудың «Оқжетпесінен» 3:1 есебімен басым түсті.

Сондай-ақ бүгін «Елімай» (Семей) - «Қызылжар» (Петропавл), «Каспий» (Ақтау) - «Атырау» кездесуі өтеді.

Ал 28 маусымда «Ертіс» (Павлодар) - «Қайсар» (Қызылорда), «Тобыл» (Қостанай) - «Алтай» (Өскемен), «Ұлытау» (Жезқазған) - «Ордабасы» (Шымкент), «Жеңіс» (Астана) - «Астана» кездесуі болады.