ҚР БҒМ: Ата-аналардың немқұрайдылығы үшін жазаны күшейту проблеманы шешпейді

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Білім және ғылым министрлігі Балалар құқығын қорғау комитетінің төрайымы Забира Оразалиеваның пайымынша, жазаны күшейткенімен, ол ата-аналардың немқұрайдылығы проблемасын шешпейді.

«Қазақстан қосылған бірқатар халықаралық конвенциялар бар. Сондықтан бұндай талаптарды барша әлем ұстанып отыр және оны елімізде қатайтқанымыз дұрыс болмас. Өйткені әлемдік тәжірибе бар. Жауапкершілігі жоқ ата-аналарға қатысты мәселелер алаңдатады, дегенмен оны қатаң жаза әдісімен шешуге болмайды», - деді ол бүгін Астанада өткен аталған комитет жанындағы үкіметтік емес ұйымдардың консультативтік кеңесінің кеңейтілген отырысында. З.Оразалиеваның пайымынша, жауапкершіліксіздік танытқан ата-аналарға қатысты түсіндіру мен ескерту шараларын кеңінен қолданған дұрыс. «Жазаны күшейтіп, мысалы, баланың әкесін бас бостандығынан айырғаннан не ұтамыз? Нәтижесінде бала ұзаққа әкесінің қамқорлығынсыз қалады. Менің ойымша, осындай жағдайлар болмас үшін ескерту шараларын қолдану керек»,- деді ол.