ҚР БҒМ: Қазақстанда жыл сайын 35 мың мектеп түлегі бос сандалып жүргендердің қатарына қосылады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан жыл сайын 30 мыңнан астам мектеп түлектері бос қалады. Бұл туралы бүгін Астанада өткен баспасөз мәслихатында ҚР БҒМ Кәсіптік-техникалық және ортадан кейінгі білімді модернизациялау департаментінің директоры Сабыржан Мадеев мәлім етті.

Оның айтуынша, 2014 жылы Қазақстанның орта мектептерін 134 мыңнан астам оқушы тәмамдады. Оның 80 593-і Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысты, яғни шамамен 65 пайызы тапсырды. ҰБТ-ның шекті деңгейін 20 мың 236-сы еңсере алмады. Егер де ҰБТ-ға қатыспаған және шекті баллға қол жеткізе алмаған мектеп түлектерін қосқан кезде, олардың саны 67 мыңнан асып түседі. Яғни бұл түлектердің жалпы санынан 50 пайызын құрап отыр. «Соңғы жылдардағы мәліметтерге біз талдау жасап, оның нәтижесі бойынша мектеп бітіргендердің 25-30 пайызы колледжге түсетінін анықтадық. Осы 30 пайыз көрсеткішін жоғарыда аталған 67 мыңнан алып тастасақ, онда шамамен 30-35 мың мектеп түлектері жыл сайын бос қалады», - деді С.Мадеев. Оның пайымынша, бұл 30 мың түлектің көбісі кейіннен жұмыс таба алмай, өз уақыттарын бекерге жұмсайды. «Кейіннен бұл адамдармен ҚР Денсаулық және әлеуметтік даму министрлігінің жұмыспен қамту орталықтары айналысатыны мәлім. Алайда, бұл тұрғыда бірнеше жыл бұрын мектептерде сапалы кәсіптік бейімдеу жұмыстары жүргізілмегенін байқауға болады. Яғни, аталған 30-35 мың түлек 9 сыныптан кейін колледжге барып, мектеп бітіргенннен кейін бос сандалып жүргендердің санын айтарлықтай қысқартар еді», - деп түйді С.Мадеев.