ҚР БҒМ мен «Ардагерлер ұйымы» өскелең ұрпақты отансүйгіштікке бірлесе баулымақ (ФОТО)

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Астанада ҚР Білім және ғылым министрлігі мен «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігі арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

Айта кетейік, министрлік - Ұлы Отан соғысы Жеңісінің 70 жылдығын мерекелеуді ұйымдастыру мен өткізу жөніндегі кешенді шаралар жоспарын негізгі орындаушылардың бірі. Құжатты бекітудің мақсаты жастарды отансүйгіштікке баулу, ардагерлердің ерліктерін жастар арасында кеңінен насихатау. Осы орайда министрлік пен «Ардагерлер ұйымы» бірлесе отырып, бірқатар ірі жобаларды жүзеге асырмақ. 2015 жылы Ұлы Жеңістің 70 жылдығына арналған шығармашылық жастар арасында «Жеңіс жолымен» атты халықаралық фестиваль ұйымдастырылады деп күтілуде.

Құжатты бекіту барысында ҚР Білім және ғылым вице-министрі Такир Балықбаев меморандум аясында осы келісім аясында үлкен істердің бастамасы екенін, осы орайда ведомствоның департаменттері ұйыммен бірлесе ұсыныстарды талқылап, тиісті жұмыстарды атқаруға даяр екенін атап өтті.

«Министрлікпен арада осындай меморандумды қабылдау үлкен мәселенің басы деп бағалап отырмыз. Осы тұрғыда ең бастысы - ұрпақ сабақтастығы. Оның ішінде Мемлекет басшысының «Мәңгілік Ел» идеясын біздер аға ұрпақ өкілдері жастармен бірге іске асыруға атсалыссақ маңызды. Меморандумда маңызды мәселелер қамтылған», - деді «Ардагерлер ұйымы республикалық қоғамдық бірлестігі төрағасының орынбасары Бекболат Мұқышев.