«Жыл сайын ЖОО-ларда білім алу үшін 35 мыңнан астам грант бөлеміз. Кім жоғары балл алса, өзі қалаған мамандығын таңдай алады. Сөйтіп білім алуға, үлкен өмір жолына жолдама алады. Қазір жастардың білім, кәсіп алуы үшін елде кең мүмкіндіктер қарастырылған», - деді А. Сәрінжіпов.
Сондай-ақ ол ҚР БҒМ ҰБТ өткізу қағидасына енгізген өзгерістер жайлы айтты.
«Биылғы жылы қағидаға аздаған өзгерістер енгіздік. Оның ҰБТ әділ өтуіне септігі тиеді деген үміттеміз. Аттестатқа оқушы білім алу кезеңінде алған бағасы мен ҰБТ балы арасындағы орташа баға кіреді. Барынша әділ жол осы деп ойлаймыз. Өйткені оқушы «үздік» оқуы мүмкін де, ҰБТ кезінде толқып немесе басқа себептер кедергі болуы мүмкін. Жаңа жүйе барынша әділ болып, көрсеткіштерді арттырады деген сенімдеміз», - деп мәлімдеді А. Сәрінжіпов.
Министр, сондай-ақ, Қазақстан бойынша ҰБТ орталықтары санының артқанын атап өтті.
«Тұтастай биыл ҰБТ орталықтарының саны артты. Қосымша 10 пункт ашылды. Барлығы 165 орталық бар. Келесі жылы тапсыру пунктіне дейінгі қашықтық 100 шақырымнан аспау үшін тағы да 17 орталық ашпақпыз», - деп сөзін аяқтады А. Сәрінжіпов.