ҚР Білім министрі: Еліміздің жоғары оқу орындары дербестік алатын болады

АСТАНА. 16 желтоқсан. ҚазАқпарат - Еліміздің жоғары оқу орындары дербестік алатын болады. Бұл туралы «КТК» телеарнасының «Халық қызметшісі» бағдарламасында қонақ болған ҚР Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов айтты.

Министрдің атап өтуінше, кеңестік білім беру жүйесі нәтиже бергенімен, ол жоспарлы экономикаға негізделген болатын. Ал қазіргі нарықтық жағдайдағы еліміздің білім беру жүйесі нарық талабына сай өзгеріп, оңтайландырылуы тиіс.

«Біз кадрлар дайындау үшін ЖОО-лардың дербестігі турасында айтамыз. Енді ЖОО-ларға министрлік жоғарыдан қандай мамандық дайындау керек екенін айтпайды. Ал ең бастысы - бұл бағдарлама мазмұны. Болашақ маманды неге оқыту керектігін ЖОО-ларға өз беттерінше айқындау керек болады. Егер дамыған елдерді алып қарайтын болса, онда оларда бұл жүйе қалыптасқан әрі академиялық еркін ұстаным барынша мықты қорғалған. Профессор өзі ісінің кәсібиі ретінде өз бағдарының мазмұнын өз еркімен айқындауға құқы бар. Ол конференцияларға қатысып, ғылыми жобалар әзірлейді. Жаңа білімдерді ой елегінен өткізіп, сол білімді әрбір семестр сайын өз бағытының мазмұнын байытуға жұмсайды», - деді министр.

А.Сәрінжіповтің атап өтуінше, дербестік енгізілгеннен кейін әрбір ЖОО өзінің стратегиясына ие болып, ресурстарды табысты факультеттерге бағыттай алатын болады.

«Дербестік элементтерін біздің ЖОО жүйеміздің заман талабына сай алға қадам бастыру үшін енгізу қажет. Білім беруді дамыту қажет, біз бір орында тұрып қала алмаймыз. Біз елу елдің қатарына кірдік, енді біздерге одан ары жылжып, отыздықтың қатарына ену қажет. Біз жоғары көтерілген сайын бәсекелестік те күшейе береді. Сондықтан да бізге даму, жаңашылдық қажет», - деді ол.