ҚР ІІМ балаларды кәмпитпен алдайтын ер адамдар туралы ақпаратқа түсінік берді

АСТАНА. ҚазАқпарат – WhatsApp мессенджерінде белгісіз біреулер ұлын ұрламақ болғаны туралы айтқан әйелдің аудиохабарламасы тарап жатыр. Осыған қатысты ҚР Ішкі істер министрлігі түсінік берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат Stopfake.kz сайтына сілтеме жасап.

Бетперде таққан ер адам балаға кәмпит ұсынып, оны ішінде бірнеше кісі отырған қара көлікке отыруға шақырған-мыс. Әйелдің айтуынша, ұлы қаскүнемдерден қашып үлгерген, дегенмен ол полицияға барып, оқиғаның мән-жайын хабарламақ.
ҚР ІІМ мәліметінше, бұл ақпарат тексерілді және оның шынайылығы расталған жоқ.
«Полицияға мұндай арыздар түскен жоқ. Сондай-ақ хабарламада әйел осылай әрекет ететін әлдебір банда туралы айтады. Алайда тәртіп сақшыларына педофилдер тобы туралы да хабарланған жоқ. Аулаларды аралап, балаларды ұрлайтын ер адамдар тобы туралы ақпарат та – ескі фейк», – деді ведомствоның баспасөз қызметінен.