«Соңғы кезде есірткі бизнесін ұйымдастырушылар еліміздің аумағында интернет ресурстардың көмегімен есірткі өткізуді қолға алған. Таяуда Алматы қаласының Ішкі істер департаменті ұзақ жүргізілген жедел шаралардың нәтижесінде 20-25 жас аралығындағы 8 адамнан құралған қылмыстық топты ұстады. Олардың төртеуі Швейцария, Ресей және Қазақстанның белгілі жоғарғы оқу орындарының студенттері»,-деп атап өтті С. Құсетов.
Қылмыстық кестеде «Qiwi-Кошелек» электрондық жүйесіне ақша аудару ескерілген. Осы топтың жетекшісі өзіне сенімді деген ортадағы адамдармен байланыс орнатқан. Ол есірткіге тапсырыс беретіндерге ұялы телефондардың нөмірлерін жолдап отырған. Клиенттер тапсырыс берген соң, «Qiwi-Кошелек» электронды жүйесі арқылы тапсырыс үшін ақша төлейді. Осыдан кейін оларға ұялы телефон арқылы есірткіні қай жерден алу керектігі туралы хабарланып келген.
Атап айтқанда, жедел-іздестіру шараларын жүргізу барысында есірткі бизнесіне қарсы күрес бөліністерінің қызметкерлері олардың жалдамалы пәтерінен заңсыз зертхананы және үй жағдайында қарасораны қолдан өсіруге арналған жылы-жай лампалары, желдеткіштер мен электронды құрылғыларды анықтады.
«Тінту жүргізу кезінде 20 келіден астам есірткі, оның ішінде 18 келі гашиш, сондай-ақ екі келі марихуана тәркіленді. 18 келі гашиш 3600-ға жуық дозаны құрайды, яғни оның құны 21 млн. теңгеге бағаланады», - деді департамент басшысы.
Қазіргі уақытта аталған топтың есірткі өткізді деген 10 фактіге қатыстығы дәлелденді. Ұсталғандар Алмалы аудандық сотымен қамауға алынды.