ҚР ІІМ-інің көліктің қауіпсіздік белдігіне қатысты талапты орындау бойынша түсіндірмесі

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Ішкі істер министрлігі Көлік құралының қауіпсіздік белдіктеріне қатысты талаптарды қолдану бойынша түсіндірме жасайды, деп хабарлайды Әкімшілік полиция комитеті.

Егер көлік құралында қауіпсіздік белдіктері қарастырылмаса, оларды, сондай-ақ балаларды ұстау құрылғысын немесе баланы қауіпсіздік белдігінің көмегімен отырғызып қоюға мүмкіндік беретін өзге құралдарды пайдалану міндетті шарт болып табылмайды.

Осылайша, «Жол жүрісі туралы» Заңның 54-бабы 37) тармақшасына, сондай-ақ Үкіметтің 2014 жылғы 13 қарашадағы № 1196 қаулысымен бекітілген Жол жүрісі қағидаларының 22-бөлімі 7-тармағының 2 тармақшасына сәйкес 12 жасқа дейінгі балаларды оларды арнайы ұстау құрылғысы немесе баланы қауіпсіздік белдігінің көмегімен отырғызып қоюға мүмкіндік беретін, көлікте көзделген өзге де құралдар болмаған кезде, ал механикалық көлік құралының алдыңғы орындығында балаларды арнайы ұстау құрылғысы болмаған кезде тасымалдауға тыйым салынады.

Қауіпсіздік белдіктерін пайдалануға қатысты, Жол жүрісі қағидаларына сәйкес көлік құралының жүргізушісі қауіпсіздік белдіктерімен жабдықталған көлік құралымен жүрген кезде белдікті тағуға және белдік тақпаған жолаушыларды тасымалдамауға міндетті.

Сонымен қатар, жасаушы зауыт қауіпсіздік белдіктерімен жабдықтамаған көлік құралы иесінің еркі бойынша мұндай көлік құралын жасаушы зауыттан ұсынымды немесе алдын ала техникалық сараптама қорытындысын алуды ескере отырып, қауіпсіздік белдіктерімен жабдықтай алады.