«Екі күн ішінде ІІД сайтына азаматтардан 350-ден астам сұрақ келіп түсті. Әсіресе, әйелдер мен балалар құқықтарын қорғау, сенім телефондары мен дағдарыс орталықтарының қызмет етуі мәселелеріне, отбасылық-тұрмыстық қарым-қатынас саласындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу жөнінде ІІБ қолданатын шараларға қатысты көптеген сұрақтар келіп түсті.
Сонымен қатар, интернет-конференция барысында тиісті әрекет ету шаралары қабылданған 35 шағым және арыз келіп түсті», - деп айтылған ведомство баспасөз қызметінің хабарында.
ҚР ІІМ бастамасымен аймақтардың ішкі істер департаменті құрылымдық бөлімшелері басшылары, жергілікті атқарушы органдардың, әйелдер және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның, білім беру, денсаулық сақтау, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау органдарының, сондай-ақ, үкіметтік емес ұйымдар өкілдерінің қатысуымен интернет-конференция өтті. Іс-шараның басты міндеті азаматтардың полицияға деген сенімін нығайту, қалың бұқара топтарын отбасындағы әйел және балаларға қатысты зорлықтың алдын алу, жолын кесу жөнінде қолданылатын шаралармен таныстыру, азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру және оларға заңгерлік кеңес беру, сондай-ақ, халықты қолданыстағы сенім телефондары және аймақтағы дағдарыс орталықтары туралы ақпараттандыру болып табылды.
«Жалпы, интернет-конференцияны өткізудегі алға қойған мақсатқа қол жеткізілді және қалың бұқара топтарын құқыққорғау органдарының отбасылық-тұрмыстық қарым-қатынас саласындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу жөнінде атқарылып жатқан жұмысы туралы ақпараттандыруға мүмкіндік берді», - деп атап өтті ҚР ІІМ-де. Іс-шаралар «Отбасы күніне» орай өтті.