ҚР ІІМ Ішкі әскерлері «Оңтүстік», «Орталық», «Батыс» және «Шығыс» өңірлік қолбасшылықтарының басшылары тағайындалды

АСТАНА. 15 мамыр. ҚазАқпарат - ҚР ІІМ Ішкі әскерлерінде кадрлық ауыс-түйістер жасалды. Бұл туралы ведомствоның баспасөз қызметінен хабарланды.

ҚР ішкі істер министрінің бұйрығымен 8 мамыр күні Ішкі әскерлер бас қолбасшысының орынбасарлары, «Оңтүстік», «Орталық», «Батыс» және «Шығыс» өңірлік қолбасшылықтарының қолбасшылары мен олардың орынбасарлары тағайындалды. Өңірлік қолбасшылықтардың штабтары Алматы, Қарағанды, Орал және Өскемен қалаларында орналасқан. Бүгін аталмыш аймақтардағы жеке құрамға өңірлік қолбасшылықтардың басшылары таныстырылды.

Атап айтқанда, «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы генерал-майор Әлібек Сералиев болды. «Орталық» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы болып полковник Талапкер Әмриев, «Батыс» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы болып полковник Қайрат Ақтанов, «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы болып полковник Бейбіт Ашқаров тағайындалды. Олардың бағыттар бойынша орынбасарлары да таныстырылды.

Заңнамаға сәйкес Ішкі әскерлердің өңірлік қолбасшылығы әскери басқарудың оперативтік-аумақтық органы болып табылады. Ол өз қызметін белгілі аумақта атқарады.