ҚР ІІМ: Қазақстандағы сайлауалды науқаны тыныш өтті

АСТАНА. ҚазАқпарат - Парламент Мәжілісі мен жергілікті мәслихаттар сайлауалды науқаны тыныш, тәртіп бұзу фактілері тіркелместен өтті. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында ҚР Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Демеуов мәлім етті.

«Сайлауалды науқаны қолданыстағы заңнама аясында тыныш жағдайда өтті. Сайлау заңнамасы өрескел бұзылған фактілер тіркелген жоқ», - деп мәлім етті министрдің орынбасары.

Естеріңізге сала кетейік, бүгін Қазақстан Республикасында Парламент Мәжілісінің және барлық деңгейдегі мәслихаттар сайлауы өтіп жатыр. Қазақстан мен шет елдерді қоса алғанда, барлығы 9840 сайлау учаскесінде таңғы сағат 07.00-ден бері дауыс беру жүріп жатыр. Дауыс беру кешкі сағат 20.00-де аяқталады.

Мәжіліс сайлауына депутаттық орындар үшін алты саяси партия додаға түсуде. Алты партияны қосқанда, ҚР Парламент Мәжілісі депутаттығына үміткер ретінде партиялық тізім бойынша 234 кандидат ұсынылған.