ҚР ІІМ Көліктегі полиция департаменті құрылымында 300-ге жуық ару қызмет етеді

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Халықаралық әйелдер күні қарсаңында ҚР ІІМ Көліктегі полиция департаменті нәзік жанды үздік қызметкерлері туралы баяндады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Үйде бесік тербеткен ана, қызметте қару ұстаған сақшылар

ҚР ІІМ Көліктегі полиция департаменті мен оның желілік бөліністерінде бүгінгі күні 300-ге жуық ару қызмет етеді. Олар ел аумағында орналасқан әуе және темір жол нысандарындағы құқықтық тәртіпті қамтамасыз етеді. Қыстың қытымыр суығына, жаздың аптап ыстығына қарамастан қоғам қауіпсіздігі қызметінде жүрген қыз-келіншектерді полицейлік мамандыққа тағдырлары тоғыстырып әкелген. Қиындығы мен қызығы бірге қатар өрілген бұл қызметті полицей-арулар әрдайым мақтаныш етеді.

Алия Кусаинова, Көліктегі полиция департаменті Тергеу басқармасының аға тергеушісі, полиция майоры


«Ішкі істер органында қызмет жасап жүргеніме 14 жылдан асты. Менің негізгі қызметім тергеу жұмыстары. Аға анықтаушымын. Осы жылдар ішінде түрлі қылмыстармен жұмыс жасап, бірнеше күдіктілермен бетпе-бет келдім. Маған бұл қызмет батыл болуды үйретті. Дегенмен де әйел затының міндетін де ұмытқан емеспін. Үйде үш бала тәрбиелеп отырған ана, аяулы жармын деп мақтанышпен айта аламын», - деді ол.


Айгүл Закирова, Көліктегі ПД Кадр саясаты басқармасының Психологиялық даярлық тобының психологы, полиция подполковнигі


«Қызметтегі және үйдегі басты міндеттерім мен үшін үлкен жауапкершілік. Иығымдағы полиция подполковнигі шені менің қызметтегі маңдай тер, адал еңбегіммен жеткен жеңісім. Бұл мен үшін үлкен абырой.

«Психолог – азаматтар түрлі қиындықтарға ұшырағанда, шырғалаң оқиғаларға тап келген жағдайларда қолдау көрсететін маман. Мұндай маман қызметтің қай саласына болмасын қажет деп ойлаймын. Бүгінгі күні полицейлер психологиясының дайындығы олардың қызметінде зор маңызға ие. Осы орайда біз жеке құраммен түрлі жағдаяттардан шығу мақсатында көптеген шаралар жүргіземіз. Қызметім – адамдарға қуаныш сыйлайды деп айта аламын. Әрине, түрлі қиындықтардың орын алуы - заңдылық. Дегенмен де, құқық қорғау саласының талабы жоғары болғандықтан, біз күн түн демей еңбек етеміз. Бұл ретте отбасымызды да ұмытпауымыз қажет», - деді Айгүл Закирова.



Айгүл Жақсылықова, Көліктегі ПД Әкімшілік полиция басқармасының Қоғамдық тәртіпті сақтауды ұйымдастыру тобының аға инспекторы, полиция майоры

«Полицей болу – бала күнгі арманым. Көлік полициясында 12 жылдан бері қызмет атқарып келемін. Қоғамдық тәртіпті сақтау мен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде менің қызметім зор маңызға ие. Осы жылдар ішінде үлкен тәжірибе жинадым, көп нәрсе өзіме сабақ болды. Қайсарлыққа, төзімділікке үйрендім. Бұл қызмет мен үшін, отбасым үшін де үлкен мақтаныш. Осы салада жүріп өмірлік жарымды жолықтырдым. Жолдасым Жандос та көлік полициясында еңбек етеді. Қазір екі қыз тәрбиелеп отырған бақытты отбасымыз. «Әйел бір қолымен әлемді тербетсе, бір қолымен бесік тербетеді» деген сөз бекер айтылмаса керек. Қыз – болашақ ана, шаңырақтың ұйытқысы, сәнін келтіретін берекесі. Сондықтан ана ретінде уақыттың тығыздығына қарамастан, қыздарымның тәрбиесіне де ерекше көңіл бөлемін», - деді Айгүл Жақсылықова.