ҚР ІІМ Тергеу комитеті «Гүлнәр тур» компаниясы басшылығының алаяқтық іс-әрекетін тергеуде

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Ішкі істер министрлігінің Тергеу комитеті «Гүлнәр тур» компаниясы басшылығының алаяқтық іс-әрекетіне қатысты тергеу амалдарын жүргізуде, деп хабарлады аталған ведомствоның баспасөз қызметінен.

«Гүлнәр тур» туристік компаниясы басшылығы тарабынан алаяқтық іс-әрекеттердің орын алу фактісі бойынша қылмыстық істі тергеуді ҚР ІІМ-нің Тергеу комитеті жүргізуде. Туристік компанияға қатысты азаматтардан арыздар түсіп жатыр. Келтірілген зиян сомасы анықталуда», - делінген хабарламада.

Сонымен қатар ведомство анықталған фактілер мен аталған істің мән-жайы туралы толыққанды ақпарат тергеу мүддесіне орай таратылмайтындығын ескертіп отыр.

Естеріңізге сала кетейік, осыдан біраз бұрын «Гүлнәр тур» туроператорының жүзден астам клиенттері Түркия мен Қазақстан әуежайларынан ұша алмай қалған еді. Азаматтық авиация комитетінің мәліметі бойынша, «Гүлнәр турдың» Jet Airlines әуе компаниясы ұшағын пайдалануға рұқсаты тек 30 маусымға дейін ғана болған. Бірақ соған қарамастан туроператор шілде айының рейстеріне де билет сатуды жалғастырып келген. «Гүлнәр тур» фирмасының туристерге келтірген шығыны 30 млн. теңгеден аса сомаға бағалануда.