Қазақстан Республикасының Президенті - Ұлт Көшбасшысы Н.Ә. Назарбаев 1995 жылғы 19 қазанда төтенше жағдайлар және Азаматтық қорғаныс саласындағы уәкілетті орталық атқарушы органды құру туралы Жарлыққа қол қойды. Бұл ТЖ-ның алдын алу және оларды жоюдың тиімді жүйесін құру ісіндегі шешуші сәт болды.
Салтанатты іс-шара «Астана» ұлттық сурет галереясының концерт залында өтті, оған Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің басшылары мен қызметкерлері, Төтенше жағдайлар комитетінің басшылығы, ҚР ІІМ ТЖ комитеті орталық аппаратының, аумақтық органдары мен ведомстволық бағынысты ұйымдарының қызметкерлері, ТЖ жүйесінің ардагерлері мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Іс-шарада ҚР Ішкі істер министрі, генерал-лейтенант Қ.Н. Қасымовтың Құтқарушылар күнімен құттықтау сөзі оқылды, ол құтқарушылар мамандығы - ең басты міндеті адамдар өмірін құтқару болып табылатын жоғары және жауапты миссия екенін атап өтті. Ержүректік, батылдық және абырой - күнделікті жұмыста және ең қиын жағдайларда танылатын әрбір қазақстандық құтқарушыға тән қасиеттер.
Кәсіби мереке құрметіне төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою мемлекеттік жүйесін дамыту мен нығайтуға белсене қатысқаны, Қазақстан Республикасындағы тыныс-тіршілік қызметінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету ісінде жеткен жетістіктері үшін Комитеттің көзге түскен қызметкерлері «Төтенше жағдайлардың алдын алуда және жоюда үздік шыққаны үшін» медальдарымен, «Төтенше жағдайдағы ерлігі үшін», «Төтенше жағдайлар жүйесін дамытуға қосқан үлесі үшін», III дәрежелі «Құтқарушы», «Үздік құтқарушы - жауынгер» төсбелгілерімен наградталды.
Салтанатты іс-шара соңында мерекелік концерт өтті.
Құтқарушы күніне арналған іс-шара республиканың барлық облыстарында өтті, сондай-ақ ведомстволық наградалар беру рәсімі өтті.