«Қазіргі уақытта прокуратураның тапсырмасымен өрт туындау ықтималдылығы зор бұқаралық нысандарды өрт қауіпсіздігіне тексеру жұмысын бастағалы жатырмыз. Тексеру жұмыстары барысында ең бірінші кезекте өрт туындаған жағдайда адамдарды қауіпсіз эвакуциялауға жағдай жасау жағына баса маңыз беріледі. Бұл - бір. Яғни, эвакуациялық шығу жолдарының жобалық саны, есікті ішінен кілтсіз ашу мүмкіндігі, эвакуация жолына шығатын қосымша есіктердің бары анықталады. Екіншіден, өрттің жылдам таралуына себеп болатын заттарды алып тастау, электротехникалық құрылғыларды дұрыс қолдану жағы тексеріледі», - дейді Рүстем Ысқақов ҚР ІІМ ТЖК-да өткен брифинг барысында.
Оның айтуынша, үшіншіден, адамдар өрт туралы хабар бере алатын жүйелердің жұмыс істеуі, өртті ерте анықтау мен сөндіруге болатын амалдар сараланады.
«Төртіншіден, өртті уақтылы әрі сәтті сөндіру бойынша жасалған жағдайдың болуын қараймыз. Бұл ретте нысанға кіру жолдарының болуы, өртке қарсы су жүйесінің жұмыс қабілеті тексерілмек. Сонымен қатар, тексеру барысында халыққа қызмет көрсетуші персоналдар өрт қауіпсіздігі бойынша оқытылады. Бұған біз ерекше назар аударып отырмыз. Демек, әрбір тексеру кезінде біз персоналдармен нұсқау жұмыстарын жүргіземіз. Осындай тексерулер адамдар көптеп баратын ірі сауда нысандарында жүргізіледі», - деді ол.
ТЖК өкілінің келтірген мәліметіне сәйкес, 2017 жылы 818 бұқаралық нысан өрт қауіпсіздігіне тексеріліп, тексеріс нәтижесінде 4 мыңға жуық бұзушылық анықталған. Барлық жағдай бойынша ескерту немесе әкімшілік шара қолданылған.
«Жұмыс нәтижесі көрсетіп отырғандай, біздің тараптан берілген ескертулердің 80 пайызы бойынша нысан иелері шара қабылдайды. Жоспардан тыс тексеру нысандардың өрт қауіпсіздігіне қаншалықты дайын екенін көрсетіп береді деп отырмыз», - деп түйді Р.Ысқақов.
16:47, 30 Наурыз 2018
ҚР ІІМ ТЖК өкілдері өрт қауіпсіздігіне тексеру қалай жүргізілетінін түсіндірді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда 2 сәуірден басталатын бұқаралық нысандарды жоспардан тыс тексеру жұмысында қандай басты бағыттарға маңыз беріледі? Бұл сұраққа бүгінгі өткен брифингте ҚР ІІМ ТЖК Өрт қауіпсіздігі саласында бақылау және профилактикалық қызмет басқармасы мемлекеттік өрт бақылау бөлімінің бастығы Рүстем Ысқақов жауап берді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.