«Қоғамдық кеңестің төрағасы болып ғылыми-құқықтық ортаның көрнекті өкілі Марат Қоғамов сайланды. М.Қоғамов бүгінде Қазақ гуманитарлық заң университеті жанындағы Қылмыстық-процестік зерттеулер және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ғылыми-зерттеу институтының директоры, заң ғылымдарының кандидаты, профессор», - делінген баспасөз баянында.
Қоғамдық кеңес отырысында Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов Елбасының тиімді қоғамдық кеңесті құру және билік қызметіндегі теріс әрекеттерге қарсы тұруда оның рөлін арттыру туралы айтқанын атап өтті.
«Бұл туралы «Мемлекет басшысы Н. Назарбаевтың бес институционалдық реформасын іске асыру туралы «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарында тапсырмалар берілген. Онда орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың осы қызметінің жаңа форматы белгіленді», - деді министр.
Сонымен қатар, жиында заң шығармашылығы қызметі мәселелері жөніндегі комиссияны құру туралы шешім қабылданды. Аталған комиссия азаматтардың құқықтары, бостандықтары мен міндеттеріне қатысты министрлік әзірлейтін нормативті құқықтық актілердің жобаларын қарастыратын болады. Сондай-ақ, комиссия ІІМ-де жолданған азаматтардың өтініштерін, полиция жұмысының ашықтығын қамтамасыз етуге бағытталған мәселелерді де қарайтын болады. Жиын барысында Кеңестің президиумы және ІІМ Қоғамдық кеңесі туралы ереженің жобасы бекітілді.