ҚР ІІМ жол апаты көп болған жылды жария етті

АСТАНА. ҚазАқпарат - Елімізде көлік құралдары санының артуына (+8%, 4,5 млн-ға дейін) қарамастан, соңғы үш жылда апатты жағдайлар көрсеткішінің төмендеуі байқалады, деп хабарлады ҚР ІІМ баспасөз қызметінен.

Егер 2014 жылы ЖКО саны 13 % (20,3 мыңға дейін), қаза болған азаматтар саны 15% ( 2,5 мыңға дейін) және жарақат алғандар саны 13% (25,9 мың), 2015 жылы олардың саны тиісінше 7% (18,8 мыңға дейін), 5% (2 585-тен 2 453-ке дейін) және 7% (25 942-ден 24 055-ке дейін)  төмендеді. 

Осындай үрдіс ағымдағы жылы да байқалып отыр. ЖКО санының төмендеуі 5% (13 мыңға дейін), оның ішінде қаза болғандар саны  4,3% ( 1,7 мың) және жарақат алғандар 3% (16,9 мыңға дейін) қысқарды.

Ел ішіндегі апаттардың төмендеуіне 2014 жылы «Жол жүрісі туралы» Заңның қабылдануы оң ықпал етті, деп атап өтті ҚР ІІМ баспасөз қызметі.

Жалпы «Жол жүрісі туралы» жаңа Заңды іске асыру жол қозғалысы саласына тартылатын барлық субъектілердің арасында жауапкершілік шекарасын анық ажыратылуына мүмкіндік берді.

ІІМ-де атап өткендей, осы Заңды қабылдағанға дейін республикада апаттылық жағдайдың үдеуі байқалған болатын. Ең көп апатты жағдай 2013 жылы тіркелген, онда жол-көлік оқиғаларының саны 65 % (23,3 мың ЖКО), оның ішінде қаза болғандар саны 0,5 % (3 мың) және жараланғандар саны 71 % (29,8 мың) көбейген.