ҚР Ішкі істер министрі: Ұлт жоспары - құқықтық мемлекет құрудың негізі

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасының Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Ұлт жоспары - қазақстандық арманға бастайтын жол» атты бағдарламалық мақаласында биылғы жылдан бастап Бес институттық реформаны жүзеге асыру бойынша 100 нақты қадамды орындаудың практикалық кезеңі басталғанын жария етті. 2015 жылы бұл бағытта ұйымдастыру жұмыстары жүзеге асырылып, аталған реформаны заңнамалық қамтамасыз ету шаралары қолға алынған болатын. Осының айғағы ретінде мемлекеттік, экономика мен қоғамды дамыту үшін қағидатты жаңа құқықтық орта қалыптастыратын көптеген заң күшіне енді. Мемлекет басшысының жоғарыда аталған мақаласына орай «ҚазАқпарат» тілшісіне пікір білдірген Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрі, полиция генерал-полковнигі Қалмұхамбет Қасымов осылай деді.

«Біз осы арқылы XXI ғасырдың ортасына қарай көшбасшы отыз ұлттың бірі болуға тәуекел ете отырып, қазақстандық арманымызға қол жеткізуге нақты әрі сенімді қадамдар жасайтын кезеңнің жетегінде тұрмыз», - деді полиция генерал-полковнигі.

Министрдің пайымынша, Ұлт жоспары - Қазақстанды кең ауқымды жаңғырту жобасында тұтас мемлекеттің дамуын жоғары әлемдік стандарттарға сәйкес белгілеу, оның ішінде мемлекеттік кәсібилендіру, шығынсыз экономикаға қадам басу, инновациялық индустрияландыру негізінде елімізді тереңдете жаңғыртудың негізгі бағыттары жүйеленді. Осы қатарда құқықтық тәртіп пен заңдылықты қамтамасыз етуге маңызды міндеттер жүктеліп, олардың шешімді жолдары белгіленді.

«Президент тәуелсіз сот төрелігі мен Қазақстанның бүкіл құқық қорғау жүйесінің азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз етуге, заңдарды қатаң орындауға және құқық тәртібін нығайтуға бағытталуы - екінші реформаның мәні деп көрсеткен болатын. Сонымен қатар құқық қорғау органдарының, әсіресе полицияның адам мүддесі мен құқықтық тәртіпті нығайту қызметінде тұруына қол жеткізу қажет екендігіне маңыз берілді»,- деді ол.

Осы ретте Қ.Қасымов жергілікті билік органдары мен жергілікті қоғамдастықтарға есеп беретін жергілікті полиция қызметін құру жұмыстары қолға алынғанын еске салып өтті. Қазіргі таңда жергілікті полицияға қоғамдық тәртіпті күзету, тұрмыстық қылмыспен күрес, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету және тағы да басқа міндеттер жүктелуде. Бұл халық пен полиция арасындағы қарым-қатынасты жаңа сатыға көтеріп қана қоймай, өзара сенімді байланысты нығайтуға ерекше ықпалын тигізбек.

«Осы қатарда этикалық нормаларды бұзған полиция қызметкерлеріне қатысты түскен арыз-шағымдарды қарайтын қоғамдық кеңестер мен өзге де консультативтік-кеңестік органдар жүйесін қалыптастыру талабы заңның үстемдігін қамтамасыз етуге кепіл болатын бастаманың бірегейі деп білеміз. Бұл арқылы ішкі істер органдары жұмысының тиімділігін арттыру тетігі іске қосылмақ», - деді еліміздің бас полицейі.

Сондай-ақ министр ел Президенті пенитенциарлық жүйені жақсарту ісін көкейкесті мәселе етіп қойып отырғандығын атап өтті. Бұл мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті дамыту шеңберінде жүзеге асатын шаралар кешенін құрамақ. Осы мақсатта Ішкі істер министрлігі шет елдердің табысты тәжірибелерін зерделеп, бірқатар нақты шараларға мұрындық болуда. Жазасын өтеген адамдарға көмек көрсету мен ықпал етудің маңызын негізге ала отырып, әлеуметтік оңалту кешенін жүзеге асыру да көзделген.

«Жалпы алғанда, Елбасының тәртіп пен заңдылықты қамтамасыз ету жоспары құқықтық мемлекет ұстанымдары мен құндылықтарын берік орнатудан туындайды. Бұл бастамалар өз кезегінде азаматтардың құқық қорғау жүйесіне сенімін арттыруға айрықша ықпал етеріне сенім мол»,- деп түйіндеді сөзін Қ.Қасымов.