ҚР Қорғаныс министрі Ақтөбе гарнизонын тексерді

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Қорғаныс министрі генерал - полковник Сәкен Жасұзақов Ақтөбе гарнизонына жұмыс сапарымен барды, деп хабарлайды министрліктің баспасөз қызметі.



Жұмыс барысында әскери ведомство басшысы М. Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетіне барды. Онда оқу материалдық-база мен әскери-медициналық факультеті курсанттары оқытылуының ұйымдастырылуын тексерді.

Батыс өңіріне сапары шеңберінде Министр ҚР Әуе қорғанысы күштерінің Әскери институтына барды. Онда жұмысты әрі қарай сапалы ұйымдастыру және институттың инфрақұрылымын дамыту жөнінде басшылыққа бірқатар тапсырмалар жүктеді. Ведомство басшысына оқу ұшуларына, жоғары пилотажды фигураларды орындау және планерлерді тіркеп сүйреуге арналған екі орындық, бір қозғалмалы «Zlin-242L» ұшақтары көрсетілді.

Одан басқа, Ақтөбе қаласында ҚР Қорғаныс министрі 30238 әскери бөлімінің күнделікті қызметінің ұйымдастырылуын тексерді.