ҚР ІІМ Ұлттық ұланының баспасөз қызметінің хабарлауынша, жиынға Әскери кеңес мүшелері, өңірлік қолбасшылықтардың қолбасшылары, Ұлттық ұлан академиясының бастығы, бас басқармалар мен басқармалардың, орталықтардың, дербес бөлімдер мен қызметтердің бастықтары, сондай-ақ Полиция департаменттерінің бастықтары қатысты.
Кеңеске бейнеконференция режимінде өңірлік қолбасшылықтар мен әскери бөлімдердің басшылық құрамының офицерлері қосылды.
Әскери кеңес отырысының күн тәртібінде 2024 жылдың 9 айындағы Ұлттық ұланның қызметтік-жауынгерлік іс-әрекетінің қорытындысы және алдағы кезеңге арналған міндеттер қаралды.
Бас қолбасшының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыс жөніндегі орынбасары генерал-майор Қайрат Үмбетов «2024 жылдың 9 айындағы әскердің қызметтік-жауынгерлік іс-әрекетінің жай-күйі және алдағы кезеңге арналған міндеттер» туралы баяндама жасады.
Содан кейін әскери бөлімдер мен бөлімшелерде жауынгерлік қызметті ұйымдастыру жөніндегі істердің жағдайы туралы өңірлік қолбасшылықтар қолбасшыларының және ҚР ІІМ Ұлттық ұлан Академиясы бастығының есептері мен проблемалық мәселелері тыңдалды.
Бұдан әрі «Сарбаздық және сержанттық құрамдар лауазымдарында келісімшарт қызметінің әскери қызметшілерін жасақтау жөніндегі жұмыстың нәтижелері» туралы баяндамасында Кадрлар және әскери білім басқармасының бастығы генерал-майор Нұрбол Міртаев келісімшарт бойынша әскери қызметшілер санатын жасақтау мәселелерін қозғады.
Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының Әскери кеңесі 9 айдағы қызметінің нәтижелерін зерделей келе, әскердің жедел-қызметтік дайындығы тиісті деңгейде екенін атап өтті.
Айта кету керек, 2024 жылдың өткен кезеңінде Ұлттық ұланның әскери бөлімдері облыстар мен қалалардың Полиция және Қылмыстық-атқару жүйесі департаменттерінің аумақтық бөлімшелерімен бірлесіп, жауынгерлік қызметтің міндеттерін толық көлемде орындады.
Отырысты қорытындылай келе, ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары – Ұлттық ұлан Бас қолбасшысы генерал-майор Аңсаған Балтабеков ішкі істер министрі полиция генерал-лейтенанты Ержан Сәденовтің міндеттерін жеткізді. Күштер мен құралдардың тұрақты дайындығын қамтамасыз етуге, өңірлердегі және қорғалатын объектілердегі қоғамдық-саяси ахуалды қадағалауға, келісімшарт бойынша әскери қызметшілердің лауазымдарын жинақтау жөніндегі жұмысты жүзеге асыруға, жеке құрам арасында заңдылық пен құқықтық тәртіпті сақтауға назар аударды. Сондай-ақ, бағыныштылармен жеке тәрбие жұмысын ұйымдастыруды қатаң бақылауға алуды тапсырды.
Бұдан бөлек, әскери қызметшілер арасында өлім мен жарақаттанудың алдын алуға ерекше назар аударылды. Мұндай жағдайларға бейбіт уақытта жол берілмейтіні және барлық шенді тұлғалар мұндай фактілерді жою үшін қажетті шараларды қабылдауы керек екендігін атап өтті.
— Ел Президенті — Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас Қолбасшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың жас жігіттер Отан алдындағы борышын атқаратын әскерде заң мен тәртіпті сақтау туралы талабы аса маңызды. «Сарбаздар Қарулы Күштерде және басқа да күш құрылымдарында өз міндеттерін дұрыс орындай алуы үшін, ең алдымен, темірдей тәртіпті қамтамасыз ету қажет», деді Мемлекет басшысы. Сондықтан біз қайғылы салдарға әкелуі мүмкін сәтсіздіктерге жол бермеуіміз керек. Барлық деңгейдегі командирлер тәртіп тек заңдылықты сақтау ғана емес, мемлекетіміздің жауынгерлік дайындығы мен қорғанысының негізі екенін түсінуі маңызды, – деді әскер басшысы.
Айта кету керек, Ұлттық ұлан бөлімшелері биылғы 9 айда өзара іс-қимыл жасайтын органдармен бірлесіп ШЫҰ Саммиті мен V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын өткізу кезінде қоғамдық тәртіпті күшейтуге, іздестіру іс-шараларына, сондай-ақ табиғи сипаттағы төтенше жағдай кезінде су тасқынына қарсы және іздестіру-құтқару іс-шараларына қатысты.
3 мыңнан астам әскери қызметші, 160-тан астам автомобиль және арнайы техника, 7 авиация бірлігі табиғи сипаттағы төтенше жағдайлар салдарын жоюға тартылды. 4 мыңнан астам адам, 600 тонна жүк және 130 тонна гуманитарлық көмек тасымалданды. 5 мыңнан астам азамат эвакуацияланды және жеке құрам мен техниканы аралас тәсілмен тасымалдау жүзеге асырылды.
Аумақтық полиция және Ұлттық қауіпсіздік органдарының күштік қолдауымен қылмыстар мен әкімшілік құқық бұзушылықтар жасағаны үшін, оның ішінде ІІМ және ҰҚК Орталық аппараттарымен бірлесіп, 13 ауқымды арнайы операция жүргізілді.
Әскери кеңес отырысының қорытындысы бойынша басшылық ету және орындау үшін өңірлік қолбасшылықтар мен әскери бөлімдерге жіберілетін Қаулы қабылданды.