Қазақстан халқы Ассамблеясының
Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің IV съезіне қатысушыларға және Қазақстан халқына
Үндеуі
Құрметті съезд қатысушылары!
Қадірлі отандастар!
Жаһандық тәртіптің күрделі трансформациясы кезеңінде Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері IV съезінің Астана қаласында өтуі Қазақстанның әлемдік диалогқа ұмтылысының, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бейбітшілік пен келісім саясатының айшықты көрінісі болып табылады.
«Бейбітшілік және келісім - адамзат таңдауы» атты съезд тақырыбы дүниежүзіндегі миллиондаған жандардың тілегімен үндес, Қазақстан азаматтарының түбегейлі мүддесімен сәйкес. Бұл біздің еліміздің ішкі және сыртқы саясатының іргетасы.
Бүгінде Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезі әлемдік диалогтың бірегей алаңына айналды, оның ізгі бастамалары өркениеттер қақтығысын болдырмауға өз ықпалын тигізіп келеді.
IV съездің Астана қаласында өтуі ғаламдық дамудың кез-келген жағдайында диалогқа бастайтын қуатты бастамаларға деген қажеттілік қазіргі заманғы жалпы әлемдік дамудың үрдісіне айналғанын дәлелдеп берді.
Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаевтың ұсынысымен құрылған Дін лидерлерінің кеңесі барша конфессияаралық диалогты жаңа сапамен жоғары деңгейге шығаруға ықпал ететін ғаламдық бітімгершіліктің маңызды құралы, діндер арасындағы көпжақты қарым-қатынас форматының алғашқы жұмыс тетігі бола алады.
Қазақстан халқы Ассамблеясы Мемлекет басшысының съезде ұсынған ғаламдық толеранттылық пен сенімді қалыптастыру және нығайтуға арналған арнайы интернет портал туралы бастамасын қызу қолдайды және оның жұмысына белсенді қатысуға ниетті екенін мәлімдейді.
Осыған байланысты Ассамблея дін адамзатты рухсыздық пен ашкөздіктен сақтайтын ең мықты қорғаныстың бірі деген идеяға арқа сүйейді. Ең күрделі деген кезеңдерде халық даналығы мен мәдениетінің, дәстүрінің бірден бір сақтаушысы дін болған.
Біз съезд идеясының Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың көп полярлы әлемді біріктіруге бастайтын G-GLOBAL жаңа форматтағы коммуникативті интернет диалог алаңын құру туралы идеясымен үндестігін атап өтеміз.
V Астана экономикалық форумында Мемлекет басшысы оның басты қағидаларын: «революция емес эволюция; әділдік, теңдік, консенсус; ғаламдық толеранттылық пен сенім; ғаламдық ашықтық; сындарлы көп полярлық» деп атап өткен болатын.
Әлемде ғаламдық қайта құрудың оң тұжырымдамасының жетіспеушілігі орын алып отырған кезеңде Қазақстан халқы Ассамблеясы Президент Н.Ә.Назарбаевтың әлемдік экономикалық және валюталық жүйені реформалау, ядролық қарусыз әлем құру; ЕуроАтлантика және Еуразия кеңістігінде ғаламдық қауіпсіздікті нығайту; ғаламдық энерго-экологиялық даму тұжырымдамасын іске асыру; «Жасыл көпір» құру сияқты бастамасының маңызын ерекше атап өткіміз келеді. Біздің ойымызша осылардың негізінде «Ұлы әлем (G-Global)» құру мүмкіндігі зор.
Ассамблея Президент Н.Ә.Назарбаевтың адамзат осындай үлгіні қалыптастыруға қажетті білім мен тәжірибеге ие деген сенімін толық қуаттайды. Ассамблея бұл бағыттарды Ғаламның болашақ стратегиясының құрамдас бөлігі бола алады деп санайды.
ХХІ ғасырда толеранттылық экономикалық дамудың маңызды факторына және әлемдік экономиканы дағдарыстан алып шығу тетігінің біріне айналып отыр. Бұл тәсіл Қазақстанда сыналған және уақыт тезінен өткен, оның тиімділігі тарихи дәлелденген.
Қазақстан халқы Ассамблеясының тәжірибесі көрсетіп отырғандай бейбітшілік пен келісім саясатының арқасында Қазақстан тәуелсіз және егеменді мемлекет ретінде өркендеп, дамып келеді. Сондықтан да Ассамблеяның толеранттылық пен қоғамдық келісімді қалыптастыруға бағытталған Қазақстан халқының бірлігі күнін мерекелеуге орай өткізген шараларына 5 млннан астам адам қатысты.
Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні қарсаңында Ассамблея Алматы облысында 2010 жылы бастау алған «Тарихтан тағылым - өткенге тағзым атты» ірі халықаралық шараны іске асыруды жалғастырды. Бұдан бұрын ол АЛЖИР, КарЛАГ-та өткен болатын. Оның аясында Үштөбе қаласында «Қазақ халқына мың алғыс» қазақ халқына алғыс білдіру ескерткіш тасының іргетасы қаланды. Ортақ тарихи тағдыр саяси режим құрбандарын еске алу және олардың ұйыстырушы идеясы Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің IV съезі идеясымен үндес.
Қазақстан халқы Ассамблеясы барша Қазақстан халқын, әлемдік және дәстүрлі діндердің жалпы адамзаттық рухани құндылықтар негізінде бірігуге шақырады.
Қазақстан халқы Ассамблеясы мәдени, этностық және діни әр алуандық қазіргі әлемде - қатер емес, стратегиялық басымдық, экономикалық және әлеуметтік тұрақсыздықтың алдын алудың қайнар бастауы екеніне толық сенімді.
Ассамблея Елбасының ғаламдық диалогты қалыптастыру жөніндегі бастамасын қызу қолдауға шақырады, баршамыз тізе қосқанда ғана әділ, ізгі, өсіп-өркендеген әлем құра аламыз.