«Экономикалық перспективалардың жақсаруына қарамастан, жаһандық өндірістік процестердегі іркілістердің жалғасуы бірқатар маңызды тауарлар мен қызметтерге қолжетімділікті қиындатып отыр. Осыған байланысты бізге бірлесе жұмыс істеу керек. Яғни біздің елдерді қысқа, орта және ұзақ мерзімдерде қажеттілікті қанағаттандыруға қауқарлы баламалы әрі қосымша жеткізу тізбектерін құру маңызды», - деді Үкімет басшысы Бішкекте «Еуропалық Одақ – Орталық Азия» экономикалық форумында.
Осы орайда Асқар Мамин Еуропа мен Орталық Азия елдері барша стратегиялық маңызды бағыттар бойынша бірлескен өндірістік процестерді құру үшін адами әрі ресурстық әлеуетке ие екенін атап өтті.
Бұдан бұрын хабарланғандай, бүгін Бішкекте Премьер-Министрлер деңгейінде «Еуропалық Одақ – Орталық Азия» экономикалық форумы басталды.
Асқар Мамин соңғы 10 жылда Еуропалық одаққа мүше елдер өңірге 110 млрд еуродан астам инвестиция салғанын жеткізді.
Үкімет басшысы Орталық Азия мен Еуроодақ елдерін экономиканы дамыту ісін күшейтуге шақырды.