ҚР Ұлттық музейде «Оғыз далалық мәдениетінің іздері» атты халықаралық көрме өтті
АСТАНА. KAZINFORM — ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен ҚР Ұлттық музейінде «Оғыз далалық мәдениетінің іздері» атты халықаралық көрменің салтанатты ашылу рәсімі мен ғылыми семинар өтті.
Дәстүрлі семинар аясында тарихшылар, археологтар, мәдениеттанушылар, этнологтар, шығыстанушылар, музей және мұрағат қызметкерлері, сондай-ақ академиялық және ғылыми-білім беру қауымдастығы өкілдері бас қосты.
— Бұл көрмеге көне Жанкент қаласынан табылған жәдігерлер қойылған. Жалпы Қазақстан жерінде Оғыз археологиясы көп зерттелмеген ақтаңдақ кезеңдердің бірі саналады. Сондықтан Жанкенттегі зерттеулер, табылған жәдігерлер осы бостықтың орнын толықтайтын, үлгі болатын, болашақ ізденулерге жол бастайтын құндылығымен ерекше. Біз іс-шара арқылы көпшілікке Оғыздардың мемлекет қалыптастырудағы орнын, сәулет құрылыстары мен зергерлік бұйымдарын, қолөнер туындыларын, антропологиялық және археологиялық артефактілерін таныстырдық, — деді Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институтының Астана қаласындағы филиалының директоры Әзілхан Тәжекеев.
Шара барысында ғылыми-гуманитарлық алаң құру арқылы Қазақстан аумағындағы оғыз мәдениетінің іздерін анықтау және ғылыми тұрғыдан зерделеу мәселелері қарастырылды. Сонымен қатар түркі халықтарының тарихи сабақтастығын көрсетуге, оғыз мұрасын сақтау мен насихаттау жолдарын айқындауға баса назар аударылды. Семинар ғылыми қауымдастық арасында пікір алмасуға жағдай жасады.
— Біз Оғыз мәдениетінің бұрын білмеген керемет жауһарларын, құнды жәдігерлерін, тарихи археологиялық ескерткіштерін осы ортақ тарихымыздан сыр шертетін ерекше көрмеден тамашалап, риза болдық. Оғыз мәдениеті Қазақстан жерінен, Орталық азия аймағынан бастау алып, кейіннен Селжүк мемлекеті, Осман империясы, қазіргі Түркия елі болып жалғасып келе жатыр. Менің ойымша Оғыздар әлі де өмір сүріп жатыр. Бұл барлық Түркі тілдес халықтардың ортақ мәдениеті, ортақ тарихы. Сондықтан бүгінгі іс-шараның басты мақсаты Оғыз мұрасын ұрпаққа насихаттап, тарихын ұмытпау деп ойлаймын. Түркия елі де осы ортақ іске атсалысып, тәжірибемізбен бөлісіп, алдағы уақытта археологиялық зерттеулерді бірлікте жүргізуге тілектеспіз», — деді Түркия Республикасы Мәдениет және туризм министрлігінің Мәдени мұралар және музейлер бас басқармасы бас директорының орынбасары Бүлент Гөнүлташ.
Еске сала кетейік, бұған дейін Ежелгі Иранның таңғажайып дәстүрлі «мұздатқыштары» туралы жазғамыз.