Криптоайырбастау арқылы 155 млн теңге заңсыз табыс тапқан Орал тұрғыны сотталды

ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысында заңсыз кәсіпкерлік қызметпен, атап айтқанда, қамтамасыз етілмеген цифрлық активтердің айналымымен байланысты іс бойынша Орал қаласының тұрғынына қатысты қылмыстық іске нүкте қойылды.

Фото: freepik.com

БҚО бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, ер адам 2022 жылдың маусым айынан 2025 жылдың шілде айына дейін Binance криптовалюта биржасының P2P платформасы арқылы USDT криптовалютасын сатып алу және сату операцияларын жүйелі түрде жүзеге асырған. Ол бұл қызметті «Астана» халықаралық қаржы орталығынан тиісті лицензия алмай жүргізген, ал бұл Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына қайшы келеді.

Тергеу барысында күдіктінің аталған кезеңде 155,2 млн теңге көлемінде табыс тапқаны белгілі болды.

Сонымен қатар заңсыз криптоайырбастау қызметінің Imrat Group қаржылық пирамидасы қызметімен байланысты болғаны анықталды.

Қаржылық пирамиданы ұйымдастырушылар салымшылардың ақшалай қаражатын криптовалютаға айырбастап, кейін оны схемаға қатысушылардың криптоәмияндарына аудару үшін аталған ер адамды пайдаланған.

Нақты айтқанда, сотталушы арқылы қаржылық пирамиданың бірнеше салымшыларының 82,5 млн теңгеден астам қаражаты криптовалютаға айырбасталып, кейін тиісті криптоәмияндарға аударылған. Айырбастау операцияларын жүргізгені үшін ол цифрлық активтерді сатып алу және сату бағамдарының айырмасынан табыс алып отырған.

— Қылмыстық істі сотта қарау нәтижесінде Орал қаласының тұрғыны кінәлі деп танылды. Алайда амнистия туралы заңның күшіне енуіне байланысты ол қылмыстық жазадан босатылды. Департамент азаматтарға цифрлық активтермен операциялар жүргізу кезінде сақ болу және тек лицензиясы бар операторлардың қызметтерін пайдалану керектігін еске салады. Тағы бір ескеретін жайт, қамтамасыз етілмеген цифрлық активтерді айырбастау қызметі лицензиялануға жатады. Заңнамаға енгізілген өзгерістерге сәйкес, қамтамасыз етілмеген цифрлық активтерді айырбастау операторының қызметін жүзеге асыру үшін Ұлттық банктің тиісті лицензиясын алу қажет. Лицензиясыз айырбастау операцияларын жүзеге асыру заңнама талаптарын бұзу болып табылады және заңда көзделген жауаптылыққа соқтырады, — деп хабарлады ведомстводан.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын қаржы пирамидасын құрған Орал қаласының екі тұрғыны 5 жылға сотталғанын жазған едік.