АСТАНА. ҚазАқпарат – Португалия шабуылшысы әрі капитаны Криштиану Роналду бес әлем чемпионатында гол соққан бірінші ойыншы атанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қатарда футболдан өтіп жатқан дүниежүзілік додада Португалия мен Гана матчында К.Роналду 65-минутта 11 метрлік айып добын дәл орындады.
Шабуылшы бұған дейін 2006, 2010, 2014 және 2018 жылғы әлем чемпионаттарында мергендігімен көзге түскен еді.
Сонымен қатар Криштиану Португалия ұлттық құрамасы сапындағы 112-інші голын соқты. Бұл жөнінен де әлемде үздік тұр. Оған қоса Еуропа біріншіліктерінде 14 гол соққан ең мерген ойыншы деген атағы тағы бар.
Роналду бұдан бөлек, Португалия - Гана матчының үздік ойыншысы атанды.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Испанияның Коста-Риканы 7:0 есебімен ойсырата жеңгенін, Бельгияның Канада құрамасын қапы қалдырғанын жазған болатынбыз.
Сондай-ақ Испания допты ұстау жөнінен әлем чемпионаттарының рекордын орнатты.
Уругвай мен Оңтүстік Корея тең түсті.
Португалия Гананы ұтып, өз тобында көш бастады.
Фото: Дмитрий Голубович, «Чемпионат»
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).