Қатар-2022: Уругвай мен Оңтүстік Корея тең түсті

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қатарда өтіп жатқан футболдан 2022 жылғы әлем чемпионатының бесінші ойын күнінде H тобында Уругвай мен Оңтүстік Корея тең түсті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оңтүстік Америка құрлығынан келген Уругвай құрамасы 1930, 1950 жылдарда жеңімпаз тұғырына көтерілген еді.

Содан бергі уақытта аталған жетістігін қайталай алған жоқ. Тіпті, үздік үштіктен де көрінген емес.

Тек 1954, 1970, 2010 жылдарда төртінші орынды місе тұтты. Айтулы аламанда биыл 13 мәрте бақ сынағанына қарамастан әзірге қол жеткен табысы осы ғана болып тұр.

Бүгінгі кездесу барысында уругвайлық футболшылар тізгінді өз қолына алуға тырысты.

Десе де, олардың қарқынды ойынына корейлік құрама лайықты төтеп берді.

Қорғаныс шебінде сауатты ойнап, Оңтүстік Америка құрлығы өкілдерінің есеп ашуына мүмкіндік берген жоқ.

Ойын жағдайы екінші кезеңде де дәл осыған ұқсас жағдайда өрбіді. Уругвайлық футболшылар қарқынды арттыра түсті. Алайда, оларға дәлдік жетіспей жатты.

Кездесуде қос құрама 0:0 есебіне қанағат білдірді.

Сондай-ақ, аталған топтағы Португалия мен Гана ойыны 22.00-де «Qazaqstan» телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі.

Ал G тобында бүгін Швейцария Камеруннан басым түсті.

Бұл топта Бразилия мен Сербия кездесуін елорда уақытымен 01:00-де «Qazaqstan» және «Qazsport» телеарналарынан тікелей эфирде тамашалауға болады.


Фото: REUTERS / Kai Pfaffenbach

Соңғы жаңалықтар