— Салықты бақылауды әкімшілендіру бойынша камералдық бақылау жүргіземіз. Жыл ішінде салықтың түсуін бақылау аясында 11 млрд теңге қамтамасыз етілді. Ол үшін әр түрлі дереккөз қолданылады, — деді Талғат Әділов Кірістер комитетінде онлайн өткен брифингте.
Спикердің айтуынша, әкімшілендіру барысында энергия беруші ұйымдардың дерегі мен электрондық дерек, оның ішінде шот-фактура ескеріледі.
— Цифрлық майнинг үшін төлем бойынша энергия беруші ұйымдардан алынған мәліметті және электрондық деректі, яғни электрондық шот-фактураны ескере отырып бақылау жүргіземіз. Соның нәтижесінде 500 млн теңгеден астам майнинг төлемі қамтамасыз етілді, — дейді ол.
Сондай-ақ Кірістер комитетінің өкілі, газ өндіруші ұйымдарға және төлемді төмендеткен майнерлерге салық тексерісі жүргізілгенін айтты. Нәтижесінде мемлекетке қосымша қомақты түсім түсті.
— Салық төлеушілердің крипто-әмиянындағы табыс көлемі, құн өсімін жасырмауы, цифрлық активтерді көрсетпеуі және Салық кодексі аясында цифрлық активтер туралы заң талаптарының сақталуын тексереміз, — деді ол.
Қазір жаңа Салық кодексінің қабылдануына байланысты өзгерістер күтіліп отыр.
— Жаңа Салық кодексін қабылдауға орай нормативтік-құқықтық актілер де қабылданбақ. Оның аясында цифрлық активтердің тізімін кеңейттік. Қазір олардың саны — 114. Бұл құнды биржа, майнинг-пул. Бұл салық төлеушілерге ыңғайлы, — деп толықтырды ол.
Оның айтуынша, бүгінде еліміз криптовалюта бойынша халықаралық салықтық ақпарат алмасуға дайындалып жатыр. 2027 жылдан бастап 60-тан астам ел өзара юрисдикциямен цифрлық активтер бойынша мәмілелер жөніндегі ақпарат алмасады. Бұл резиденттер мен резидент еместердің цифрлық активтерді сатып алу-сату операциясын бақылауға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар маман цифрлық майнинг үшін төлем бойынша 880-нысан өзгертілгенін айтып отыр.
— Оның аясында қосымшада электр энергиясы берілетін бірінші және екінші санаттағы майнерді көрсетуді енгіздік. Бұл дерек әкімшілендіру барысында цифрлық майнинг үшін төлемді дұрыс есептеу үшін қолданылады, — дейді Талғат Әділов баспасөз мәслихатында.
Оның ақпаратына сәйкес, 2026 жылғы қаңтардан бастап заңды тұлғалар цифрлық активті сатқан кезде құн өсімін есептеуге міндеттеледі.
— Бүгінде аталған табыс түрі заңды тұлғалар тарапынан жалпы айналымда көрсетіледі, — деп түсіндірді ол.
Еске салайық, Қазақстанда майнингпен айналысатындар қалай жұмыс істейтіні туралы жазған болатынбыз.
Айта кетейік, бүгінде Шығыс Қазақстан облысында 9 млрд теңгенің заңсыз электр саудасы, яғни майнингке қатысты іс тергеліп жатыр.