Кітап оқыған сотталғандардың жаза мерзімі қысқарады — Өзбекстан заң жобасын мақұлдады
ТАШКЕНТ. KAZINFORM — Өзбекстан парламентінің төменгі палатасы кітап оқығаны үшін сотталғандардың жаза мерзімін қысқартуды көздейтін заң жобасын мақұлдады, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.
Ішкі істер министрінің орынбасары Рамазон Ашрапов түсіндіргендей, заң жобасы аясында Қылмыстық кодекс жаңа баппен толығады. Атап айтқанда, 1 кітапты оқып, сол еңбек бойынша емтиханды сәтті тапсырған азаматтардың жаза мерзімін 3 күнге қысқарту жоспарланған.
Тоқтала кетейік, аталған заң жобасын ұсынған «Миллий тикланиш» («Ұлттық жаңғыру») партиясының ақпаратына сай, әдебиеттер тізімін Республикалық руханият және ағарту орталығы бекітеді.
Бұл ретте шектеу де бар, яғни сотталғандар жылына 10 кітаптан көп шығарма оқып, емтихан тапсыра алмайды. Сарапшылардың пайымынша, аталған бастама темір торға түскендерді тиімді оңалтуға ықпал етеді.
Енді аталған заң жобасы Сенаттың қарауына енгізіледі. Тиісті талқылаудан сұрыпталып шыққан нұсқа кейін қол қою үшін Өзбекстан президентіне жолданады.
Еске салайық, Өзбекстан үкіметі үй қамақтағы және бас бостандығы шектелген азаматтарды бақылауға арналған электронды білезіктер өндірісін жолға қоюға ниетті.