Өзбекстанда кітап оқығаны үшін сотталғандардың жаза мерзімі қысқаруы мүмкін

ТАШКЕНТ. KAZINFORM — Өзбекстандық депутаттар кітап оқығаны үшін сотталғандардың жаза мерзімін қысқартуға мүмкіндік беретін заң жобасын талқылап жатыр, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

түрме
Фото: Pexels

UzA ақпарат агенттігінің мәліметінше, бұл тәжірибені енгізу бастамасын «Миллий тикланиш» (Ұлттық жаңғыру) партиясы фракция отырысында көтерді.

— Заң жобасы сотталғандардың ішкі мәдениетін көтеріп, түрмелердегі рухани-ағартушылық жұмысты жетілдіруді көздейді. Атап айтқанда, арнайы шешіммен бекітілетін кітаптарды оқып, соның негізінде емтихан тапсырған сотталушылардың жаза мерзімін қысқартуға бағытталған. Мәселен, бір еңбекті оқығаны үшін өтелмеген мерзім 3 күнге кемиді. Бұл ретте шектеу де бар, яғни сотталғандар жылына 10 кітаптан көп шығарма оқып, емтихан тапсыра алмайды, — деді «Миллий тикланиш» партиясының мүшесі Баходир Маматханов.

Әдебиеттер тізімін Республикалық руханият және ағарту орталығы бекітеді. Сарапшылардың айтуынша, аталған бастама сотталғандарды тиімді оңалтуға ықпал етеді.

Еске салайық, былтыр Өзбекстан президенті Конституция күніне орай 483 адамға рақымшылық жасады.

Сонымен қатар, 2024 жылы сәуірде Ораза айт қарсаңында Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев 426 адамға рақымшылық жасаған еді.

Соңғы жаңалықтар