Кітап оқымайтын бала жоқ, қызықтыра алмайтын ересек бар – маман пікірі
АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін – халықаралық «Маған кітап оқып бер» күні. Аталған дата 2018 жылы аустралиялық жазушы, спикер және баспагер Эмма Мактаггарттың бастамасынан негіз алған. Бұл күн ересектердің балаларға кітап оқып беруінің маңыздылығын еске салу үшін және балалардың қызығушылығын арттырып, ынталандыру мақсатында белгіленген. Ересектер мен балалар смартфонға үңілген заманда кітап оқуды қалай дәріптеуге болады? Баланың кітап оқуға зейінін қалай ашқан жөн? Ересектердің балаға кітап беруі несімен пайдалы? Осы және өзге де сауалдардың жауабын мамандардан сұраған едік.
- Қазіргі цифрлық заманда баланы кітапқа қызықтыру - аса маңызды шаруа. Баланың тілдік қорын дамытуда, қиялын кеңейтуде кітап оқудың септігі мол. Өзім көп балалы анамын, ата-ана ретінде, маман ретінде қолданатын тәсілдерім бар. Ол - адамның ішіндегі актерлік шеберлікті оятып, интонация және эмоция арқылы жұмыс істеу. Баланы мақтау, ынталандыру арқылы кітап оқуға баули аламыз, сонымен қоса баланы қолынан жетектеп кітапханаға әкелу керек, кітап әлемін көрсету керек, - деп бастады әңгімесін елордадағы Ұлттық академиялық кітапхана балалар бөлімінің кітапханашысы Майя Базарбаева.
Кітапханашының айтуынша, баланы оқығысы келмеген кітапты оқуға мәжбүрлеу дұрыс емес. Сонымен қатар баланың туған күн сынды мерекелік жиындарында кітап сыйға тартуды үрдіске айналдыру оның достарының да кітапқа қызығушылығын арттырады.
- Бала ұнатпаған кітапты қинап оқытпаңыз және классикалық емес, жеңіл кітаптан бастаған жөн. Балаға кітап таңдағанда суреті анық болуы керек, қарпі үлкен және мәтін шағын болғаны абзал. Сол сияқты жанға жағымды, ойға қонымды болғаны дұрыс. Тағы бір маңызды жайт, ата-ана кітап, газет оқуды өзінен бастау керек, қазақта «ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» деген нақыл сөздің жаны бар. Баланы қызықтырып, үлгі бола білудің маңызы – рухани кемелденудің айнасы, - дейді ол.
Сондай-ақ маман әрбір үйде шағын кітапхана бұрышы, яғни кітап қоры болған жөн деп санайды.
- Бала үйдегі кітаптарға бір күн қарайды, екі күн қарайды, үшінші күні ашып қарайтыны сөзсіз. Тағы бір жолы балаларға арналған мультфильм, кино көргенде осы фильмнің кітабы да бар деп оның қызығушылығын таныту керек. Мысалы, «Алдар көсе», «Менің атым Қожа» деген секілді туындылардың кітап әрі кино нұсқасы да бар. Сол сияқты кітапты оқыған соң, бірге талқылау керек. Кітап оқымайтын бала жоқ, кітапқа қызықтыра алмайтын ересектер бар. Үлкендер балаға кітапты дауыстап оқуы қажет және эмоцияға берілуі тиіс, бала сол кезде тез ұғады. Айталық, қызық жеріне келгенде тоқтап қалып: «Енді әрі қарай өзің оқышы немен аяқталар екен?» - деген секілді тәсілді қолданып көруге болады, - деді көпбалалы ана.
Бүгінде елордадағы Ұлттық академиялық кітапханада жүзеге асып жатқан «Отбасымен оқимыз» жобасы дәл осы мақсатқа негізделген. Отбасымен бірге оқыған кітапты талқылап, ортақ тақырыпта ой бөлісуге шақырады.
- Иә, қазіргі қоғамда балалардың гаджетке әуестігі басым, бірақ бәрі деп айта алмаймын. Ата-ана кітапқа қызықса, бала да қызығады, өйткені біздің кітапханаға келетін баланың көбісі ата-анасымен келетіндер. Қызықты оқиғалар мен әсерлі кейіпкерлер әлеміне бойлаған бала кітапты сүйіп оқиды. Бастысы – оған бағыт-бағдар беретін, оқуға деген махаббатын оятатын үлкендердің болуы. Қуантатыны - кітап оқу трендке айналып келеді. Кітап – жан азығы, ой кеңістігі, қиял әлемі. Баланы осы ғажайып әлемге жетелеу – біздің міндетіміз, – деп кітапханашы сөзін қорытындылады.
Сонымен қатар баланың зейінін ашып, оқуға, білімге жетелеуге қатысты психолог маманның пікірін білдік.
- Қазіргі қарбалас өмірде балаңызбен дұрыс қарым-қатынас орнатып, оның жан-жыныстық даму кезеңдері дұрыс өтуіне үлес қосуыңыз өте маңызды. 1,5 жастан бастап балаңызға өз сезімдерін тануға көмектесуіңіз керек. Елімізде күн сайын 2-3 бала педофил құрбаны болса, осы балалар - өз сезімдерін тани алмаған балалар. Қауіпті жағдайда қорқып, үрейленіп тұрса да, сезім атауларын білмеген соң, өз сезімін өзі танымаған соң неше түрлі оқыс жағдайдың құрбаны болып кетеді. Мысалы, балаңыздың ойыншығын біреу тартып алғанда: «Балам, сен қазір ашуланып, ызаланып тұрсың», - деп немесе сыйлық бергенде: «Балам, сен қазір қуанып тұрсың», - деп, ал қараңғы бөлмеде отырсаңыздар: «Балам, сен қазір үрейленіп отырсың», - деп өз сезімін тануға, ажыратуға көмектесу керек. Сезімдерді тануға кітап оқу керемет көмектеседі, - деген ойын ортаға салды елордалық психолог Зарина Қаһарман.
Маманның мәлімдеуінше, балаға күн сайын кітап берсе, арты әдетке айналып, баланың өзі ізденіп оқиды.
- Кітап оқып берген кезде балаңыздың дүниетанымы кеңейіп қана қоймайды, көз алдына елестете білу қабілеті дамиды. Ол көз алдына елестете білу арқылы жақсы көретін кейіпкерлерінің жанына бара алады, олар не сезінгенін сезіне алады. Тіпті өзі ойдан ертегі, әңгіме құрай алатын болады. Бұл қабілет оған ересек өмірінде көмектеседі, яғни қандайда бір сынаққа ұшыраған кезде, тығырыққа тірелген кезде, қайғы болған кезде бойында қандай сезім болып жатқанын түсініп, оның сыртқа дұрыс жолмен шығуына өз-өзіне көмектесе алады. Кітап оқу арқылы бала өзінің де, өзгенің де жан дүниесін түсініп тұратын болады. Мақсат — кітапты зуылдатып оқып шығу емес, оқыған кезде баланың бойында қандай сезім пайда болғанын өзіне көрсетіп беру, жақсы мен жаманды ажыратып, қиын жағдайға тап болғанда өз-өзіне қалай көмектесу керектігін үйрету. Кітап оқу арқылы бала өзін өзгенің орнына қоя алатын болады. Мысалы, кабинетіме келген кейбір клиент «Қандай сезімдесіз?» - деген сұрақ қойсам, сезімін емес, ойын айтып кетеді. Ой мен сезім екі түрлі құбылыс, - дейді ол.
Осы орайда психолог 6-7 жасқа дейін балаңызға кітапты өзіңіз оқып берсеңіз, әріп танығаннан кейін өзі оқи бастағаны жөн деп санайды.
- 6 жаста баланың жан-жыныстық даму кезеңі аяқталады. 6 жасқа дейін бала тәрбиесінде қандай қателік кетті, соның бәрі 6-12 жас аралығында көрініп тұрады. Осы кезең балаңызбен тіл табысып, қарым-қатынасты нығайтуға нағыз мүмкіндік. 6 жасынан бастап балаңыз мектепке барып, айналасын зерттей бастайды, қоғамның бір мүшесі болуға дайындалады. Осы кезеңде балаға көмекке сублимация келеді. Сублимация — бойдағы күш-қуатты қоғам құптайтын бағытқа бұру. Демек, балаңыз көшеде бір баланы ұрғысы келсе, оның орнына бокс үйірмесіне барады. Бала осы кезеңде кітап оқумен айналысып, әртүрлі үйірмеге, спорт түрлеріне барып, бойындағы күш-қуатты сублимациялайды. Осы кезеңде кітап оқу дағдысын қалыптастырады, - деп мәлімдейді маман.
Бұған дейін кітапханашы айтқандай, психолог та балаға тек ата-анаға ұнаған кітапты оқытпауды құптайды.
- Оған таңдау мүмкіндігін беріңіз. Қорқынышты кейіпкерге толы кітапты оқығысы келсе — оқысын, ең бастысы ол кітапты бірге оқып талқылаңыз. Кітапты оқып аяқтағанда: «Қандай сезімде болдың?», «Басты кейіпкердің орнында болсаң не істеуші едің?» деген сияқты сұрақ қойып, өз-өзін тануға көмектесіңіз. Ең бастысы — өзіңіз үлгі болыңыз. Тәулік бойы смартфоныңызға «жабысып» алып, балаңызға телефонды көп ұстамау керектігін айта алмайсыз. Сол сияқты өзіңіз кітап оқуды қолға алмай, балаңыздан кітап оқуын талап ете алмайсыз. Бала естігенін емес, көргенін істейді, - деп түйіндеді Зарина Қаһарман.
Еске салсақ, Қазақстанның оқушылардың білім жетістігіне мониторинг жасайтын арнайы құралы Халықаралық сараптама орталығының сертификатына ие болды. Оның бір бағыты - мектеп оқушылары кітап беттерін қаншалықты жиі парақтайтынын сауалнама арқылы анықтау.