Оқушының кітапты қаншалықты жиі ашатынын сауалнама арқылы анықтауға болады

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанның оқушылардың білім жетістігіне мониторинг жасайтын арнайы құралы Халықаралық сараптама орталығының сертификатына ие болды. Оның бір бағыты - мектеп оқушылары кітап беттерін қаншалықты жиі парақтайтынын сауалнама арқылы анықтау.

кітап
Фото: Kazinform

Зерттеулер көрсеткендей, жоғарғы сынып оқушылары адамның мінез-құлқын өзгертуге, бизнес бастауға бағыттайтын кітаптарды көптеп оқиды екен. Ал, 4-6 сыныптағылар арасында ертегі жанрындағы шығармалар сұранысқа ие. Мәселен, 5-сынып оқушысы Рауан Оразбаев кішкентайынан кітап оқығанды ұнатады. Әсіресе, ертегілерді сүйіп оқиды. Бұған ата-анасының айтып берген ертегілері себеп болған.

Рауан Оразбаев, оқушы
Фото: Оқушының жеке мұрағатынан

— Жеті лақ туралы ертегіні маған анам айтып берген. Содан есімде қалып қойды. Сәл өсе келе бұл ертегіні кітаптан оқып шықтым. Өте қызықты. Бұдан басқа батырлар туралы ертегілерді ұнатамын, — дейді Рауан Оразбаев.

Елдегі білім беру мекемелері оқу сауаттылығын арттыру үшін нақты шараларды қолға алған. Астанада күн сайын балалар сабақ басталар алдында 8 минутын кітап оқуға арнайды. Ал, кейбір мектептер аптаның бір күнін тек қана кітап оқитын күн деп белгілеген. Мұндай мектептер қатарында Павлодардағы Мұзафар Әлімбаев мектебі бар. 

— Әр бейсенбі сайын бізде балалар кітапханаға келіп, кітап оқимыз. Содан кейін бәріміз жиналып сол кітаптың мазмұны мен шығарма желісін талқылаймыз. Айта кетейін, әр апта сайын кітап оқуға келетін сыныптар ауысып отырады. Осылайша біз оқу жылының соңына дейін мектептегі оқушылардың барлығын қамтимыз деп отырмыз. Мұндай акциялар балалардың ой-өрісін дамытуға, кітапқа деген қызығушылығын арттыруға септігін тигізеді, — дейді М. Әлімбаев атындағы ЖОББМ кітапханашысы Ләззат Мұсабаева.

Мұзафар Әлімбаев атындағы ЖОББМ-нің кітапханашысы Ләззат Мұсабаева
Фото: Видеодан скриншот

Қазіргі жаһандану заманында кітап оқитындар саны аз. Бұл жасырын емес. Адамдар кітап парақтағаннан гөрі, телефонға телміргенді құп санайды. Бірақ, әлемжелінің әлеуетін дұрыс пайдаланса, сол арқылы да баланың кітапқа деген ынтасын ашуға болады.

— Тикток арқылы балалардың кітап оқуға қызығушылығын оята аламыз. Себебі, орта буын оқулықтарындағы шығарма желісіне әдемі видеоларды түсіріп, сол арқылы кітап оқуға деген қызығушылықтарын арттыруға болады. Себебі, қазір оқушылардың басым бөлігі құлақпен емес, көзбен қабылдайды. Телефоннан шығарма сюжетін көріп отырып, оның мазмұнын есте сақтап қалады. Сондықтан кез келген гаджетті, кез келген әлеуметтік желіні тиімді пайдалану керек, — дейді М. Әлімбаев атындағы ЖОББМ қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Тоғжан Жөкенова.

М.Әлімбаев атындағы ЖОББМ қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Тоғжан Жөкенова
Фото: Мұғалімнің жеке мұрағатынан

Қазір Қазақстанда оқушылардың білім жетістігіне мониторинг жасайтын арнайы құрал бар. Бұл — мектеп бағдарламасынан тыс 4-9 сынып оқушыларының білім деңгейін анықтайтын жүйе. Ол үш бағыт бойынша зерттеу жүргізеді. Оның ішінде оқу сауаттылығы да бар. Мектеп оқушылары кітап беттерін қаншалықты жиі парақтайтынын сауалнама арқылы анықтауға болады.

— ББЖМ халықаралық стандарттарға сәйкес келеді. Оның нәтижелеріне сенуге болады. Оның нәтижелері негізінде тиісті шешімдер қабылданып немесе білім мазмұнын жетілдіру, мектептің қызметін әрі қарай жетілдіру бойынша қосымша қадамдар жасау үшін жақсы негіз. Деректерді қамтамасыз ететін сапалы құрал, — дейді А. Байтұрсынұлы атындағы ұлттық зерттеулер және білімді бағалау орталығының төрағасы Мағжан Аманғазы.

Мағжан Аманғазы - А.Байтұрсынұлы атындағы ұлттық зерттеулер және білімді бағалау орталығының төрағасы
Фото: Видеодан скриншот

Айтпақшы бұл құрал биыл Халықаралық сараптама орталығының сынынан өтіп, арнайы сертификатты иеленді. Сарапшылардың айтуынша енді оны Орта Азия елдері де пайдалана алады.

— Қазақстандағы білім беру сапасы жылдан-жылға артып келеді. Серіктесе жұмыс істеген екі жыл ішінде білім алушылардың білім жетістігіне мониторинг жасайтын құралдың мүмкіндігін көрдік. Орта Азия елдерінде де қолдануға болады, — дейді RCEC халықаралық сараптама және сертификаттау ғылыми орталығының директоры Арнольд Брауэр.

RCEC халықаралық сараптама және сертификаттау ғылыми орталығының директоры  Арнольд Брауэр
Фото: Видеодан скриншот

Әрі әр өңірде ұйымдастырылып жатқан кітап оқу акцияларының да үлесі зор. Биыл Жамбыл облысында «Әулиеата- кітап оқитын өңір» жылы болып жарияланды. Осыған орай, бір мезетте 450 бала 5 кітапты талқылады.

Соңғы жаңалықтар