ҚТЖ: Желідегі бейнежазба «Аягөз-Бақты» теміржол құрылысына қатысы жоқ
АСТАНА. KAZINFORM — Әлеуметтік желілерде тарап жатқан бейнежазба «Бақты — Аягөз» теміржол желісінің құрылысына қатысы жоқ. Бұл туралы «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының баспасөз қызметі хабарлады.
Компанияның ресми мәліметінше, бейнежазбадағы оқиға 2025 жылғы 16 қазанда Шалқар — Сексеуіл телімінің Қарашоқат — Ақеспе аралығында болған. Сол күні жолды күрделі жөндеу кезінде мердігер ұйым — «Темір Жол Жөндеу» ЖШС пайдаланған төсеу краны рельстен шығып кеткен.
— Оқиға салдарынан зардап шеккендер жоқ. Пойыз қозғалысына әсер етпеді. Рельстен шығып кету салдары жедел түрде жойылып, аталған учаскеде жұмыстар қалыпты режімде жалғасып жатыр, — делінген хабарламада.
«ҚТЖ» атап өткендей, Абай облысындағы «Бақты-Аягөз» жаңа теміржол желісінде қазіргі уақытта тек жер төсемін салу жұмыстары жүріп жатыр. Бұл аумақта теміржол рельстері мен шпалдар төсеу әлі басталмаған, материалдар да жеткізілмеген.
Абай облысының төтенше жағдайлар департаментінің дерегінше, өңір аумағында жылжымалы құрамның рельстен шығу фактілері тіркелмеген.
Бұған дейін «Достық — Мойынты» учаскесінің екінші жолында пойыз қозғалысы іске қосылғанын жазғанбыз.
Сонымен қатар Словакияның Уошицк өлкесінде дүйсенбі күні таң ата екі пойыздың соқтығысуынан 100-ге жуық адам зардап шеккен еді.