Куәгерлерді пышақпен қуған: сотта қосылған Шерзат достарының бейнежазбасында жаңа деректер айтылды
ТАЛДЫҚОРҒАН. KAZINFORM – Жетісу облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының ғимаратында Шерзат Полаттың өліміне байланысты сот отырысы өтіп жатыр.
Басты сот отырысында кәмелетке толмаған куәгер Алдияр Махметтің Қонаев қаласында болған жабық сот кезінде куәлік берген бейнежазбасы қосылды.
Бейнежазбада ол 3 қазан күні ағасы — Ахмет Махмет және өзге достарымен бірге бильярдқа барғанын атап өтті. Айтуынша, бильярдта болған кезде Ахметке Шерзат қоңырау шалып, көмекке шақырған. Олар таксиге отырғанда Шерзат қайта хабарласып, бәрі шешілгенін айтқан.
— Бізде таксиге мінгеннен кейін бара салайық дедік. «Қамажай» дүкені алдынан түстік. Онда Нұрқанат аға, Қаржаубай аға және 3 жігіт тұрды. Шетте тұрғанбыз, сол кезде Hyundai Accent көлігі келді. Одан 3 жігіт түсті, ішіп алған. Қолдарында сыра бар. Бізге келді де «бәрі шешіліп жатыр ма» деп сұрады. «Иә» деп жауап бердік. Нұрқанат аға 5 метр жерде басқа кісімен сөйлесіп тұрған. Мына жақтан Mercedes автокөлігі келді. Ішінен 5 еркек және 2 әйел түсті. Ер адамдар бізге келді. Ішінде Абзал деген менің ағамнан «қайсың менің бауырымды ұрған» деп сұрады. Ағам «біз емес, әні ағасы тұр, сөйлес» деген кезде оны Абзал ұрады. Ағам талып қалды, басын қабырғаға соғып, жарып алады. Мирас деген баланы біреу ұрады, бірақ оған тимей қалады. Мен «ей» деймін, сол кезде біреу пышақ шығарады да «не болды, бауырым» дейді. Мына жақта Нұрқанат аға келіп Ахметті көтеріп алды. Мен ағамды қолынан ұстап артқа жүрдік. Нұрқанат біз жаққа келе жатқан, оны Абзал 3 рет ұрды. Ол құлап қалды, оны тепкілей бастады. Мен тағы «е» деп айқаладым. Сонда 3 еркек пышақ шығарды да артымыздан қуалады. Сонымен 350 метрдей жерге қаштық, — дейді ол бейнежазбада.
Сонымен қатар бейнежазбада прокурор сұрағына жауап берген куәгер күдіктілерден қалай қашқанын нақтылап өтті.
— Біз төменге түскен соң үш еркек пышақпен тұрған, солар артымыздан қуалап кетті. Біз қашып құтылдық. 50 метрдей артымыздан қуды, — деді ол.
Бүгін сотта Шерзаттың ағасы Нұрқанат Ғайыпбаевтың тергеу кезіндегі бейнежазбасы көрсетілді.
Сонымен қатар оқиға орнына алғаш барған полицейлер куәлік берді.
Кеше сот отырысында куәгер Эльмира Нұрбекова жауап берді.
Одан кейін екінші куәгер қыз Дана Жақсыгелді оқиға туралы баяндады.
Бұған дейін сотта Шерзаттың әкесі Қаржаубай Нұрымов ол кикілжің қалай басталғанын айтқан еді.
Шерзаттың анасы Гүлбара Бейшембиева да қайғылы оқиға қалай болғанын еске алды.
Еске салайық, прокурор оқиғаның толық хронологиясын баяндады.
Айыпталушылардың көпшілігі кінәні мойындаған жоқ.
Былтыр 4 қазан күні төбелестен 16 жастағы жасөпірім қайтыс болғанын жазған едік.
2024 жылдың 12 қазанында қара жамылған отбасының үйі өртеніп кетті. Алматы облысының Полиция департаменті бөтеннің мүлкін қасақана жою фактісі бойынша іс қозғады.
2024 жылдың желтоқсан айында Талғар маңында Шерзат Полаттың ағасының денесі табылды.
Биыл ақпан айында Шерзат ісіне қатысты қылмысты тергеу аяқталды. Қылмыстық іс 62 томнан тұрады. Тергеу барысында 40 сот сараптамасы жүргізіліп, шамамен 200 куәгерден жауап алынған.