Қуандық Бишімбаевқа түрмеде айрықша жағдай жасалған ба – ІІМ жауабы
АСТАНА. KAZINFORM – Ішкі істер министрі Ержан Сәденов Қуандық Бишімбаевтың тергеу изоляторында қандай жағдайда отырғанын айтты.
«Әрине, ешкімде де айрықша жағдай жоқ. Барлығы да заңнамаға сәйкес отыр», - деді министр Мәжілістің жалпы отырысынан кейін БАҚ өкілдерінің сауалына орай.
Осы ретте тілшілер күдіктінің бір адамдық не жалпы камерада отырғанын сұраған еді.
«Бәрімен бірге отыр. Бізде түрмелер камералық үлгіде. Онда адамдар отыр, камералар әртүрлі», - деді ол.
Сонымен қатар ол Қуандық Бишімбаевқа айрықша жағдай жасалмағанын баса айтты.
«Жалпы камерада отыр, қасында камераластары бар. Бәрі заң бойынша. Маған сеніңіздер, ешқандай артықшылығы жоқ. Бәрін бақылап отырмын», - деді министр.
Айта кетейік, әйелін өлтірді деп айыпталған Қ. Бишімбаевтың басты соты 27 наурызға белгіленді. Сот алқабилер қатысуымен өтеді.