Қуандық Бишімбаевтің туыс інісіне тағылған айып өзгеруі мүмкін
АСТАНА. KAZINFORM – Экс-шенеунік Қуандық Бишімбаевқа қатысты сот отырысында оның туыс інісіне тағылған айыпты басқа баппен қарау ұсынылды.
«Айыптаушы тарап Б. Байжановты ҚР Қылмыстық кодекстің 434-бөлігі бойынша айыптаудан бас тартады. Б. Байжановты Қылмыстық кодекстің 432-бабында көзделген аса ауыр қылмысты алдын ала уәде бермей жасырып, қылмыс жасады деген айыппен қылмыстық істі қарауды жалғастыруды сұрайды. Қылмысты жасыру - сот төрелігіне қарсы тұрудың бір түрі, бұл қылмысты ашуды және кінәліні жауапқа тартуды қиындатады. Сондықтан Б. Байжановқа қатысты айыптаудың жаңа тұжырымын қабылдауыңызды сұраймыз», - деді прокурор Саяхат Нұрбеков.
Өз кезегінде жәбірленуші тарап өтінішхатты қолдады, ал Б.Байжановтың қорғаушысы судьядан жаңа айыптау актісімен танысуға уақыт беруді сұрады. Осыған байланысты судья үзіліс жариялады, жалғасы 2 мамырға сағат 10:00-ге белгіленді.
Бақытжан Байжановқа (Қ.Бишімбаевтің туыс інісі) қылмысты жасырып, дер кезінде полицияға хабарламағаны үшін айып тағылған еді.
Айта кетсек, бүгін сағат 10:00-де басталуы тиіс экс-шенеунік Қуандық Бишімбаевқа қатысты сот отырысы түстен кейінге қалдырылған еді. Судья оның себебін түсіндірді.
Еске салсақ, Қуандық Бишімбаевтің ісі бойынша сот отырысы бұған дейін де уақытша тоқтатылған еді.
Қ. Бишімбаевтің ісі бойынша сот тергеуі 24 сәуірде аяқталды, енді бас сот отырысы өтеді.
Қуандық Бишімбаевтің ісі бойынша онлайн-көрсетілім рейтингі кейбір сериалдардан асып түсті. Жоғарғы Соттың Коммуникация бөлімі хабарлағандай, сот процесіне қоғам жоғары қызығушылық танытып отыр.