Бишімбаев ісі: «Гастро-орталық» директоры қамауға алынды

полиция
Фото: Виктор Федюнин/ Kazinform

Бұрынғы министр Қуандық Бишімбаев ісі бойынша кісі өлімі тіркелген «Гастро-Орталық» мейрамханасының директоры ұсталды, деп хабарлайды Kazinform.

Күдікті уақытша тергеу изоляторына қамалды.

Ол қылмысты жасырып, дер кезінде полицияға хабарламағаны үшін айыпталуы мүмкін.

— Қалалық полиция департаменті елорда мейрамханаларының бірінде ҚР ҚК 99-бабы (Кісі өлтіру) бойынша әйелді өлтіру ісіне қатысты тергеуді жалғастыруда. Қылмыс жасады деген күдікті Астана қаласының тергеу сотымен қамауға алынды. Қазіргі уақытта тергеу органдары оқиғаның барлық мән-жайларын және нақты адамдардың кінәсін анықтауға бағытталған қажетті іс-шаралардың барлық кешенін орындауда. ҚР Қылмыстық Кодексінің 432-бабына сәйкес, қылмысты жасырғаны үшін «Гастро-орталық» директоры тергеу изоляторына қамалды. Тағы да Қылмыстық Кодекстің 434-бабы бойынша қылмыстың болып жатқаны туралы ақпарат бермегені үшін және 119-бабының 3-тармағына сәйкес, зардап шегушіні қауіпті жағдайда қалдырғаны үшін қылмыстық іс қозғалды. Іс Астана қаласы Полиция департаменті Тергеу басқармасының және Ішкі істер министрлігінің бақылауында болады, — деді қалалық полиция департаментінің бастығы Марат Төлебаев.

Сондай-ақ ведомство жалған ақпарат таратқандар қылмыстық жауапқа тартылатынын еске салды.  

Айта кетейік, Қуандық Бишімбаев екі айға қамауға алынғанын жазған болатынбыз. 

Соңғы жаңалықтар