Куба Ұлттық су ресурстары институтының (INRH) мәліметіне сүйенсек, электр энергиясының өшуі мен су айдау станцияларындағы техникалық ақаулар ел аумағында сумен жабдықтау жүйесінің істен шығуына әкелген.
Ведомство электр қуатының тұрақсыз берілуі, инфрақұрылымның тозуы және техникалық апаттар 2,7 млн-нан астам кубалықтың сумен қамтылуына әсер еткенін атап өтті.
Сонымен қатар Гавана астанасын сумен қамтамасыз ететін Cuenca Sur магистральдық су құбыры жарылып, қаланың үш ауданындағы шамамен 200 мың адам ауызсусыз қалды.
Институт энергетикалық дағдарыстың ушығып бара жатқанына назар аударды. Электр қуатының үзілуіне байланысты сумен жабдықтау жүйелерінде қажетті қысымды ұстап тұру мүмкін болмай отыр.
Ведомство өкілдерінің айтуынша, техникалық ақаулар жойылғаннан кейін де тұрғын үйлерге су беруді қалпына келтіру бірнеше сағатқа созылуы мүмкін.
Үкімет инфрақұрылымдық жобалары
Дағдарысты еңсеру үшін Куба билігі 300-ден астам инфрақұрылымдық жобаны іске асыруды жеделдетті. Сондай-ақ су айдау станцияларының жұмысын қамтамасыз ету мақсатында күн энергетикасы жүйелерін орнату басталды.
Алайда қабылданып жатқан шаралар сумен жабдықтау мәселесін тұрақты шешуге әзірге мүмкіндік бермеді. Ел тұрғындары судың берілуін ұзақ уақыт күтуге мәжбүр.
Энергетикалық дағдарыстың әсері
2024 жылдың ортасынан бері Куба энергетикалық инфрақұрылымның тозуы, ұзақ жылдар бойы инвестицияның жеткіліксіз болуы және экономикалық қиындықтардың тереңдеуі салдарынан күрделі энергетикалық дағдарысты бастан өткеріп келеді.
Қаңтарда АҚШ енгізген мұнай эмбаргосы және Вашингтон мамырдан бері жүргізіп келе жатқан «барынша қысым көрсету» саясаты аясындағы санкциялар жағдайды одан әрі ушықтырды.
Еске сала кетсек, бұған дейін Кубаның ұлттық энергетикалық жүйесі бір апта ішінде екінші рет істен шыққанын жазып едік.