Екібастұз қаласының әкімі Аян Бейсекин құбырдағы ақауды қалпына келтіру жұмыстары аяқталуға жақын екені туралы хабарлады.
«Бүгін таңертең сағат 07.30-да жергілікті атқарушы органдар коммуналдық мекемелермен бірге құбырларды қыздыру, жібіту жұмыстарын аяқтады. „Екібастұз қалалық су арнасы“ стансадан 274-ші пикетке дейінгі желі бойын қайталай тексеріп өтеді. Қазіргі уақытта құбыр суға толтырылып, қысыммен тексеру жүргізілуде. Жақын уақытта „Богатыр-Көмір“ АҚ-на су бұратын жапқышты ашады», — деп мәлімдеді әкім.
Құбырлар толтырылып болған соң кешкілік Майқайың кентіне су толыққанды жіберіле бастауы мүмкін.
Еске сала кетейік, 21 ақпан күні Екібастұздан Майқайың кентіне ауызсу жеткізетін үлкен құбыр жарылған еді.