Құбырдағы апат: Өскемендегі көшелердің бірін су басты

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат - Өскемен қаласында су құбыры желісінде апат болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі қалалық әкімдіктің Instagram желісіндегі аккаунтына сілтеме жасап.

Шаһар әкімдігінің мәліметіне сүйенсек, 31 қаңтарда сағат 15:00-де Мызы көшесіндегі көлікжай кооперативтері маңында диаметрі 500 мм (7 метрден астам тереңдікте) су құбыры желісінде апат болған.

«Сағат 16.00-де апаттық учаске өшірілді. Қазіргі уақытта Шмелев Лог ауданында суық су қысымы төмендетілген. Жұмыс жоспары бекітілген соң құбырды жедел қалпына келтіру шаралары жүргізіледі», - делінген хабарламада.

Осы сәтте көшені басқан суды арнайы техника сорып, жолдар тазартылуда.