Құдірет Шамиев Алтай таеквондо одағының президенті болып тағайындалды
АСТАНА. KAZINFORM – Уси қаласында өтіп жатқан Әлем чемпионаты аясында жаңа өңірлік ұйым Altaic Taekwondo Union (AT) ресми түрде таныстырылды.
Салтанатты шараға Дүниежүзілік таеквондо федерациясының президенті доктор Чунгвон Чоу қатысып, Алтай аймағындағы мәдени және спорттық байланыстарды нығайту үшін осындай құрылымды құрудың маңыздылығын атап өтті.
Дүниежүзілік таеквондо (World Taekwondo) федерациясының президенті доктор Чоудың ұсынысымен Қазақстан таеквондо (WT) федерациясының президенті Құдірет Шамиев Алтай таеквондо одағының тұңғыш президенті болып сайланды.
Сонымен қатар, қатысушы ұлттық қауымдастықтар (MNА) келесі чемпионатты қабылдайтын елдің федерация президенті одақ президенті қызметін атқаратын болып келісті. Одақтың алғашқы Бас Ассамблеясының шешімімен 2026 жылы өтетін алғашқы Алтай таеквондо чемпионатының иесі ретінде Алматы қаласы таңдалды.
Алтай таеквондо одағын құру туралы шешім 2025 жылғы тамыз айында Кореяның Муджу қаласында өткен Дүниежүзілік таеквондо Гран-при Челленджі кезінде қабылданған болатын. Одақ Алтай мәдени кеңістігіне жататын 10 елді біріктіреді: Әзербайжан, Жапония, Қазақстан, Корея, Қырғызстан, Моңғолия, Ресей, Түркия, Түрікменстан және Өзбекстан.
Өз кезегінде Дүниежүзілік таеквондо федерациясының президенті доктор Чунгвон Чоу жаңа бастаманы толық қолдайтынын жеткізді.
«Дүниежүзілік таеквондо ұйымы Алтай таеквондо одағының құрылуын қолдайды. Бұл одақ ұлттық қауымдастықтар арасындағы мәдени және спорттық ынтымақтастықты дамытуға сеп болады», – деді доктор Чоу. «Алматы алғашқы Алтай чемпионатын жоғары деңгейде өткізетініне сенімдіміз. Президент Шамиев пен 10 ұлттық қауымдастықпен бірлесіп, таеквондоны Алтай аймағында жаңа деңгейге көтереміз», – деп қосты ол.
Өз сөзінде президент Құдірет Шамиев Қазақстанның Алтай таеквондо одағының дамуына белсенді үлес қосатынын атап өтті:
«Қазақстан бұл бастаманы толық қолдайды және алғашқы Алтай таеквондо чемпионатын қабылдауға қуанышты. Алтай одағы біздің елдер арасындағы ынтымақтастықты нығайтып, таеквондо арқылы бірлік пен шеберлік құндылықтарын дәріптейді», – деді Шамиев.
Алтай таеквондо одағы тұрақты түрде чемпионаттар өткізумен қатар, білім беру бағдарламаларын әзірлеуді, жастарды спорт арқылы дамытуға және барлық қатысушылар үшін тең мүмкіндіктерді қамтамасыз етуге бағытталған бастамаларды жүзеге асырады.
Бас Ассамблея барысында ұйымның ресми логотипі бекітілді. Келесі кездесу 2026 жылғы сәуірде Өзбекстанның Ташкент қаласында өтетін Дүниежүзілік жасөспірімдер таеквондо чемпионаты кезінде өтетіні келісілді.
Айта кетейік, Қазақстанда 2027 жылы таэквондодан әлем чемпионаты өтеді.