Құқық бұзушының кесірінен полицей ауруханаға түсті - Павлодар

ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - Павлодар қаласына қарасты Павлодарское ауылында полицейлердің талабына құлақ аспаған құқық бұзушы тіпті тәртіп сақшысының бірін жаралап тынды. Ащы судың кесірінен  құқық бұзушы ақыры уақытша оқшаулағышқа қамалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Павлодар ІІД-нің ВКонтакте желісіндегі ақпаратқа сүйенсек, тамыздың кешінде Павлодарское ауылының учаскелік полиция пунктіне 38 жастағы жергілікті тұрғын өзінің жұбайы ата-анасы тұратын үйде мас күйде шу шығарғанын айтып келген. Құқық бұзушы туыстарын мазалап, тіпті жиһазды қиратып және күш көрсеткен. Жанжалдасқан отағасын тыныштандыруға учаскелік полиция инспекторы полиция капитаны Мадияр Тұрсынбаев және оның көмекшісі полиция капитаны Бауыржан Асылбеков келген. Олар оқиға орнында мас күйдегі ер адамды көрген.

«Учаскелік инспекторларының бірге бөлімшеге бару ұсынысына қарсы шығып, (құқық бұзушы - авт.) оларға жұдырық ала жүгіреді. Мұның ақыры соңында полиция инспекторы Мадияр Тұрсынбаев сол жақ иығы шығып кетіп ауруханаға жатқызылды», - делінген хабарламада.

Аталған факт бойынша ҚР ҚК 380-бабы (билік өкілдеріне қатысты күш көрсету) бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Құқық бұзушы қазіргі таңда қамауда отыр.