Баспасөз мәліметтеріне қарағанда, ағымдағы жылғы 1-5 маусым аралығында қоғамдық және жол қауіпсіздігін, көшелерде және басқа да қоғамдық орындарда қылмыстардың алдын алып, жалпы құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету мақсатында ел аумағында «Құқықтық тәртіп» жедел алдын алу шарасы өткізілуде.
Оның ең басты міндеті - қылмыстарды ізін суытпай ашу, құқықбұзушылықтарды, соның ішінде жол ережесін өрескел бұзушылықтардың алдын алу.
Операция басталған сәттен полиция қызметкерлері 1200 қылмысты ізін суытпай ашты, соның ішінде ертеректе жасалған 384 қылмыс, нақтырақ айтқанда 4 кісі өлтіру және 32 тонау қылмысы анықталды. Шара барысында іздеуде жүрген 65 қылмыскер ұсталды, оның 15-іне өткен жылдары іздеу жарияланған болатын.
Сонымен бірге 36 әкімшілік құқықбұзушылық анықталды. Соның ішінде ұсақ бұзақылық, ішімдік ішу және қоғамдық орындарда мас күйінде жүру, мас күйінде автокөлік басқару, жылдамдықты шамадан тыс арттыру, теміржол өткелдерінен өту ережесін сақтамау, елімізде болу тәртібін бұзу сияқты қылмыстар тіркелді.
Полиция қызметкерлері сондай-ақ, есірткі заттарын заңсыз сақтаудың 91 фактісін анықтады, 40 келі есірткі тәркіледі, сондай-ақ заңсыз сақталған 92 дана атыс қаруы алынды. Оның 69-ы тегіс ұңғылы, 16-сы травматикалық немесе газды қарулар.
Жалпы, «Құқықтық тәртіп» жедел алдын алу шарасы кезінде қалалар мен елдімекендер көшелерінде, қоғамдық орындарда жедел жағдайдың жақсарғаны байқалды.