«Тәртіпсіздікке мүлдем төзбеушілік» қағидатын іске асыру шеңберінде өткізген шара барысында 2 күн ішінде әртүрлі әкімшілік құқық бұзған 775 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оның ішінде ұсақ бұзақылық үшін - 49, алкагольдік ішімдіктер ішіп, мас күйінде қоғамдық орындарда болған - 126, белгіленбеген орындарда сауда жасаған - 77 құқық бұзушыға жаза қолданылды.
Мәселен, ағымдағы жылдың 20 сәуірі күні Астана стансасы темір жол вокзалының перронында ортақ пайдалану орындарын ластағаны үшін «Шымкент-Астана» бағытындағы жолаушылар поезының 21 жастағы жолсерігі ұсталып, ӘҚБтҚРК 434-бабы 1-бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оған Астана қаласының мамандандырылған әкімшілік сотының шешімімен 10 АЕК көлемінде айыппұл салынды.
Бұған қоса Астана стансасының темір жол вокзалында қоғамдық орындарда такси қызметін мазалап ұсынуға қатысты 3 факті анықталып, олар ӘҚБтҚРК 449-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Сондай-ақ, ҚР-да болу ережесін бұзған 37 шетелдік анықталды. Оның 19-ы алыс шетел, 18-і ТМД елдерінің азаматтары . Шара барысында көлік полицейлері іздеуде жүрген 4 қылмыскерді ұстады. Көліктегі ІІД криминалдық полициясы мен Ресей Федерациясы қызметкерлері ҚР ҚК 250-бабы (Контрабанда) бойынша халықаралық іздеуде жүрген қылмыскерді Калининград қаласының аумағында құрықтады.
Тұрғылықты мекен-жайы белгісіз 16 азамат қабылдап-тарату орындарына, 21 құқық бұзушы медициналық айықтырғышқа орналастырылды. Кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына көлік нысандарында мақсатсыз қаңғып жүрген 4 жасөспірім жеткізілді.