Іс-шараны ұйымдастырудағы мақсат – Сыр өңірінің ауыл шаруашылығы өнімдерін кеңінен насихаттап, бақша дақылдарының ерекшеліктерін таныстыру.
Жиында Сыр өңірінде өсірілетін мырзашөл, эфиопка, саржау, қара күләбі, әміре және пиель де сапо сияқты қауын сорттары таныстырылды. Университеттің «Биология, география және химия» білім беру бағдарламасының аға оқытушы, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты Самалбек Қосанов әр сорттың қасиеті, өсірілу ерекшелігі және өңір жағдайына бейімділігі жөнінде ақпарат берді.
Қатысушылар әр сорттың дәмін татып, баға берді. Дауыс беру қорытындысы бойынша пиель де сапо сорты жоғары бағаланып, Сыр қауындарының арасында үздік атанды.
- Бұл – испандық селекция өнімі. Соңғы үш жылда оңтүстік аймақтарда, әсіресе, Шиелі ауданында кең көлемде өсіріліп келеді. Сыртқы пішіні қара күләбіге ұқсас, дәмі ерекше, өзіне тән хош иісі бар. Салмағы 2-3 келі шамасында, яғни еуропалық стандартқа сәйкес келетін порциялық будан, - деді Самалбек Қосанов.
Өңірде осы сияқты шет елдерден әкелінген сорттарды жергілікті климаттық-табиғи жағдайға бейімдеуге баса мән беріліп отыр.
Бұған дейін ғалым облысында халықтық селекция нәтижесінде пайда болған бірнеше қауын сорты жойылып кетудің сәл-ақ алдында тұрғанын айтып дабыл қаққан болатын.