АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық теннисші, әлемнің 427-ракеткасы, 24 жастағы Жібек Құламбаева Куршумлия-Баня (Сербия) ITF W75 турнирінің ширек финалына жолдама алды.
Қазақстандық теннисші үшінші айналымда дүниежүзілік рейтингіде 431-орында тұрған франциялық Сара Цакаревичпен бетпе-бет келді.
Жібек қарсыласын 6:1, 6:3 есебімен айқын басымдылықпен жеңді. Матч 1 сағат 24 минутқа созылды. Құламбаева бәсеке барысында 8 брейкке қол жеткізді.
Жібек Құламбаева жартылай финалға шығу үшін әлемнің – 249, осы жарыстың 2-ракеткасы, хорватиялық Тена Лукаспен таласады.
Қазақстандық теннисші қазірдің өзінде WTA Live рейтингісінде ТОП-400-ге кіріп, 398-орынға көтеріліп тұр.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Михаил Кукушкиннің АҚШ-та Олимпиада жүлдегерін жеңіп, ширек финалға шыққанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).